Қанат Ислам бастаған, өзге спортшылар мен танымал тұлғалар қостаған топ, Алматы көшелерімен кезектесіп жүгіріп өтті. Бұл таңертеңгілік жаттығу емес, Универсиада алауының эстафетасы. Оңтүстік астананың халқы қошеметпен қарсы алған спорттық шоу жайлы, тілшіміз айтсын...
Универсиада алауының Алматылық кезеңі 2,5 шақырымға созылды. Факел ұстау мәртебесін иеленген 15 адам, Абай көшесінің бойымен жүгіріп өтті. Олардың сапында елге белгілі спортшылар, халықаралық студенттер спорты федерациясы мен Ресейдің Красноярск қаласының ресми өкілдері бар.
Қанат Ислам, кәсіпқой боксшы:
– Мен 2008-де олимпиада алауын алып жүрдік, бұнымен жалпы екінші рет... Болашақта осыны көрген, осыған қатысқан студент жастардың барлығы, соларға үміт отын жағатын секілді... Қаншама үлкен спортқа қатысқан өзіміз секілді адамдарды көріп, солардан үлгі алады деп ойлаймын.
2019 жылы Красноярск қаласында өтетін Универсиада ойындарының алауын қошеметпен қарсы алып, сәттілік тілеп шығарып салушылардың көпшілігі - Алматы студенттері. Олар ешкім міндеттемей-ақ келіп, сабақ пен осы тектес қоғамдық шараларға да бірдей үлгеруге болатынын айтады.
Әйгерім Кенже, студент:
– Алдын-ала тапсырамыз оқудың бәрін. Немесе осы бір күнге сұранамыз да, кейін барып тапсырмаған сабақтарды тапсырып келеміз. Оған бізге әркезде қолдау көрсетіп отырады.
Әсел Ораз, студент:
– Басқа студенттерге қарап тұрсақ сабағын оқиды, үйде жатады, сабағын оқиды. Үлгермеймін деп ойлайды. Негізінде бәріне үлгеруге болады кез-келген нәрсеге, шабытың болып тұрса болды.
Былтыр Оңтүстік астанамызда өткен қысқы Универсиада ойындары – өз тарихындағы «студент жастардың ең үздік спорттық ақ аламаны» деп танылған екен. Енді бұл жауапты жүкті мойнына алған Красноярск қаласы, Алматыны үлгі етіп, абыроймен атқаруға мүдделі.
Олег Матыцин, Халықаралық студенттер спорты федерациясының президенті:
– Мен Қазақстанды, Алматыны, Красноярск қаласын құттықтаймын. Былтыр Алматыда Универсиада ойындары дүркіреп өтті, енді келе жылы Ресейдің Красноярск қаласында болады. Спорт мерекесі деген осы!