Бір апта бұрын ғана көрерменге жол тартқан, «Аса ауқатты азиалықтар» картинасы отандық прокатта ең үздік атанды. Фильмнің табысы 100 млн-ға жуықтап қалған. Мелодрама мен комедияны үйлестірген лента, тіпті әйгілі қиял-ғажайып туындылардың талайын шаң қаптырған көрінеді.
«Аса ауқатты азиалықтар» - көш басына 95 млн теңгемен шыққан алғашқы картина. Фильм, бай-қуатты қытай отбасының ханзададай әлпештеген ұлының мінсіз өмірін суреттейді. Арулардың арманына айналған сері, аяқ-асты кедей қызға ғашық болып қалады. Ал бай әулеттің мүшелері, қарапайым бұрымдыны келіндікке алуға дайын емес.
Картина тек отандық прокатта ғана емес, бүкіл Азия елінде де рекорд орнатып жатқан көрінеді.
«Жыртқыш» картинасы да шын үздіктерден бір елі қалар емес. Лента 94 млн теңгеден аса қаржыға кенеліп, екінші орынға жайғасты. Режиссер Шейн Блектің фантастика мен үрейге толы фильмінде, ғарыштан келген құбыжықтардың тілін табатын кішкентай балақай болмақ.
Басты рөлді басында, актер Бенсино Дель Торо ойнауы керек болған. Алайда тығыз кестесі үшін, бұл орынды Бойд Холдбрук басыпты.
Үздік үштікті «Ұлы түзетуші 2» картинасы 14 млн теңгеден аса пайдамен түйіндеді. Атыс-шабысқа толы лентада, әділдік жолында күресетін АҚШ-тың шебер тыңшысының хикаясы баяндалған. Басты қаһарманның рөлін әйгілі актер Дензел Вашингтон сомдап шығыпты.
Жаһандық айналымда екі апта ішінде көрермен көзайымына айналған картинаның авторлары, тағы бір бөлімін таспалауға да құлықты.