Әйгілі Биллборд чарты ең үздік альбом иелерінің тізімін жариялады. Күні кеше әлемді шулатып, топ жарған BTS жігіттері, бұл жолы көш бастай алмады. Корейлік өнер ұжымын жылы орнынан ығыстырған кім?
«Жетпістің желкенін керсем де, жастарға бәсекелес болуға қауқарым бар» -дейді Пол Маккартни. «The Beatles»-тың негізін қалаушы - «Egypt Station» альбомымен Биллбордтың көшін бастады.
Грэмми марапатының 16 дүркін иегері, аталмыш жинағын небәрі он күн бұрын жарыққа шығарған болатын. «Egypt Station» -ға әншінің таңдаулы 16 трегі кіреді. Бұл, оның он сегізінші жеке альбомы болып саналады.
Эминемнің «Камикадзесі» де үздіктер арасынан табылды! Атышулы рэпердің 31 тамыз күні жанкүйерлеріне жол тартқан туындысы - екінші орында. Альбомның ішінен өкпелі Эминемнің БАҚ өкілдеріне арнаған әндері де кездеседі. Жинақта 13 тректі тыңдай аласыз.
Хит әндерімен танылмаса да, Лорен Дейгл музыка мықтыларының үштігін тұйықтап тұр. Америкалық өнерпаз ару, заманауи христиандық әндер орындаушысы ретінде білгілі. «Look Up Child» оның небәрі екінші альбомы болса да, Лорен бұған дейін «Греммиға» үміттілер тізімінен табылып үлгерген.
Кей-поперлердің өкінішіне қарай, BTS-тіктер бұл жолы 15-ші. Еске салсақ, жігіттердің альбомы екі апта қатарынан «ең сатылымы жоғары туынды» деген мәртебені иеленген еді. Алайда, «Love Yourself: Answer» өз орынын ұзақ уақыт ұстай алмады.