Лондон сән апталығы да талай мәртебелі меймандарды қауыштырды. Алдымен, әсемдікке жаны құмар арулар Burberry брендінің топтамасымен танысуға асыққан еді. Бұл Рикардо Тишидің креативті директор ретінде ұсынған алғашқы туындылары.
Жаңа қызметке тағайындалған Рикардоның, үлгілерді әзірлеуде брендтің бет- бейнесіне айналған қоңыр түстен әлі де бас тартпағанын байқауға болады. Ал, 60-шы жылдарды еске салатын топтаманы Кендал Дженнер, Ирина Шейк, Джордан Данн сынды сән әлемінің жұлдыздары таныстырды.
Рикардо Тиши, кретивті директор:
- Мен Burberry-ді жаңадан құрғым келеді. Анасы мен қызы, әкесі мен ұлы, яғни кез-келген адам іздегенін таба алатын бренд болғанын қалаймын.
Фэшн-уиктың бұл күні Едем сән үйі де өзінің су жаңа киім үлгілерін, ел назарына ұсынған еді. Көлемді көйлектер, желбіршекті жағалар, кестелі киімдер, гүлді принт – көптің көңілінен шыққандай. Стивен Тай топтамасын ұсынуда сән сахнасынан бас тартты! Дизайнер, әдеттегідей көрсетілімнің орынына, ерекше таныстырылым ұйымдастырды.
Сондай-ақ, канадалық сәнгер киім үлгілерін таныстыру үшін әдеттегі жұлдыздардан бас тартып, сырт келбеті мінсіз емес аруларды арнайы алдырған. Өнерпаз, бұл қылығымен, өзін кем санайтын нәзік жандыларды қолдамақ болған екен.