Саксафонның, сыбызғы мен электронды музыканың , ұлттық аспаптармен үйлескен тамаша тандемін тыңдап көрдіңіз бе? Дәл осындай дәстүрлі өнерді дәріптеудің тың тәсілін, Нұрғиса Тілендиевтің қызы көпшілікке тарту етті.
«Оркестрлер шеруі» фестивалінің бағдарламасына қазақ композиторларының және шет елдік шығармалар енген. «Музыкалық кештің мақсаты - дәстүрлі өнерді дәріптеу» -дейді Дінзухра Тілендиева.
Дінзухра Тілендиева, Н. Тілендиевтің қызы, дирижер:
-Жаңа жобамыз бар. Ол «iFLY» тобымен бірге... «Бір бала» шығармасын жаңа ағымда орындаймыз. Қазіргі жастарды қызықтыру үшін, осындай жаңа жобаларды жасап жатырмыз. Көбінесе қазіргі жастар классика және ұлттық музыкаға келе бермейді.
Халық әні «Бір баланы» электронды музыкамен көркемдеген «Айфлай» тобы. Ксения Сухомазова бастаған ұжымның көздегені - дәстүрлі музыканы жаңаша стилде ұсыну.
Ксения Сухомазова, «iFLY» тобының әншісі:
-Біз «iFLY» тобы халық әндерін электронды музыкамен синтездеп, жаңа альбом шығаруды жоспарлаудамыз. Алғашқыда жүрексіндік. Қазір тың бағыт көпшілікке ұнап жатыр.
Сондай-ақ, саксофон мен сыбызғының дуэті ерекше тандем таба білсе, Жәмилә Серкебаева ұлттық оркестр мен скрипканың үйлесімді үндестігін көрсетті.
Жәмилә Серкебаева, скрипкашы:
-Осыдан бірнеше жыл бұрын классикалық музыканы насихаттауға қанша күш салсақ та, тыңдарманды залға толтыру қиын еді. Қазіргі таңда тыңдарманның музыкалық талғамы әлдеқайда жақсарды.
Иә, ашық аспан астындағы өнер фестиваліне жиналған халықтың қарасы көп. Ұлттық музыкадағы жаңаша серпінге тәнті болған тыңдарман, ерекше әсермен тарқасты.