Орта салмақтың – сұлтаны! Головкин өз дивизиондағы 21-ші ғасырдың үздік боксшылары тізімінде екінші орынға жайғасты. Егер GGG осы жолы «Канелоны» жеңсе, титулдарын ең көп қорғаған спортшы да атанбақ. Әзірге Лас-Вегас қаласына келген қос қарсыласты, жанкүйерлері үлкен шоу жасап күтіп алды.
«Үлкен жүздесу» деп аталған шара әйгілі MGM Grand қонақ үйінде өтті. Жанкүйерлер мен журналистер кештің басты жұлдыздары - Головкин мен Альваресті қарсы алуда ыстық ықылас пен қошеметті аяған жоқ. Қос боксшы да сахнаға жеке-жеке шығып, сұрақтарға жауап берді. Бір-бірін бүгінде қас дұшпан санайтын «GGG» мен «Канело», әзірге көрісуге құлықсыздау.
Сауль Альварес, әлемнің экс-чемпионы (Мексика):
-Головкин менің көзіме тік қарап, сөйлеуден жасқанады. Бапкері Абель Санчестің артына тығылып жүр. Жекпе-жек тек нокаутпен аяқталады, өйткені осыған қатты даярландым. Ең үздік боксымды көрсетпекпін!
Былтырғы жекпе-жектен кейін, екеуі алғаш рет 15-ші қыркүйектегі бокс кеші алдындағы баспасөз мәслихатында көз арбасу рәсімін жасамақ. Көңілдері бір-біріне суық, әрқайсысы уақытынан бұрын ұтуға құлшынып тұр. Спорт жанкүйерлері тең есеп пен 12 раундтық майданды көре алмайтын секілді.
Геннадий Головкин, WBC, WBA (Super) және IBO чемпионы:
-Мен өзімді жақсы әрі күшті сезінудемін. Бірінші жекпе-жектен жақсы тәжірбие алдым. Еш қобалжу жоқ. Бұл ұлы айқас болады. Осы жолы төрешілер әділ болуы тиіс. Сәті келсе «Канелоны» нокаутқа құлатамын. Жанкүйерлеріме рақмет!
Қарымта айқасқа өтетін Лас-Вегас қаласындағы Т-Mobile Аренаға билеттердің бәрі сатылып кеткен. WBC, WBA және The Ring чемпиондық белбеуілер бәске тігілетін жекпе-жекте Головкин жеңіске жетсе, бірнеше рекордты қатар орнатпақ.