Алтын бұйырмаған боксшылар!

Сообщить о проблеме с эфиром

Боксшыларымызға алтын жүлде бұйырмаған Азиада! Сары құрлықтың төрт жылда бір өтетін басты спорт бәсекесінде, былғары қолғап шеберлеріміз неліктен сүрінді?! Бұл бүгінгі жанкүйер жұртты мазалайтын негізгі сұрақ. Серік Ноянбайұлы тақырыпты зерттеп көрді.

Индонезияның Джакарта қаласында өткен жазғы Азиада ойындары, 15 алтын, 17 күміс, 44 қола медаль қанжығалаған қазақ спортшылары сайысты тоғызыншы орынмен аяқтады. Бұл нәтиженің де сәтсіздігі өз алдына бір тақырып. Ал, жалпы командалық 76 жүлденің тек 2 күмісі ғана боксшыларымызға тиесілі. Асланбек Шымбергенов пен Әбілхан Аманқұловтан өзгелерінің қоржыны үйге бос қайтқан. Олардың ішінде 2017 жылғы әлем чемпоны Қайрат Ералиев те бар.

Финалда бағы жанбаған қос былғары қолғап шеберімізді, рингте сүріндірген өзбек спортшылары. Бокстағы көрсеткіш бойынша көш бастаған Өзбекстан 5 алтын, 2 күміс еншілесе, Моңғолия 1 алтын, 1 күміс жүлде ұтты, тіпті Үндістан елі 1 алтын, 1 қоланы жеңіп алған. Қазақстан төртінші сатыны місе тұтуға мәжбүр. 2009-жылы Миландағы әлем біріншілігінен медальсіз қайтқан соң, ұлттық құрама тізгінін Мырзағали Айтжанов ұстаған еді. Ол аттай 9-жыл ішінде қазақ боксшыларымен біраз белесті бағындырды. Енді жанкүйер жұрт жолы болмаған бапкердің кеткенін қалайды.

1994 жылдан бергі алты бірдей Азиада ойындарында, жалпы командалық есепте 5-ші орыннан түсіп көрмеген Қазақстан құрамасы үшін, өзге спорт түрлеріне де арнап тың стратегия жасақтау ауадай қажет секілді.