Ғалымжан Молданазар әлі де таланттарды іздестіруде.

Сообщить о проблеме с эфиром

Ғалымжан Молданазарға ЕМА байқауында марапат бұйырмады. Тіпті, айтулы кеште музыканттың жаңа ұжымы да төбе көрсетпеді. Бұл қалай болғаны?

Ғалымжан Молданазар, музыкант:

Топқа тек аузын ашып ән айтатын жігіттерді ғана емес, аспапта ойнайтын, сазгерлік қасиеті бар, сондай нағыз музыканттарды қолдап, солардан топ жасап, жарыққа шығарамын.

Бір жыл бұрын, Ғалымжан Молданазар талабы қатаң продюсер атанатынын айтқан еді. Тіпті, музыкант көп созбай, жуық арада жаңа ұжым шығарамын деп уәде де берген. Алайда, айлар өтсе де іс соңына жеткізілмеді.

Ғалымжан Молданазар, музыкант:

Әлі жұмыс жасап жатырмын. Ол оңай нәрсе емес. Нағыз талантты әртістерді, нағыз талантты музканттарды шығарғым келеді. Сол себептен де іздеу үстіндемін. Кастинг те болды, таныстарым арқылы да іздеп жатырмын.

Нағыз дарындар жоқтың қасы деген Молданазар, қалай да жарты жыл ішінде тобын таныстыруды көздеп отыр. «Кемінде үш ұжымды жарыққа шығару – менің міндетім», дейді. Ал, оған дейін музыкант өз шығармашылығына мықтап ден қоймақ. Мәселен ол, жуырда ғана су жаңа бейнебаянының тұсауын кескен болатын.

Еңбегін ел назарына ұсынған Ғалымжан, одан бөлек осы жылдың ішінде әсерлі кештерімен Украина тыңдармандарының жүрегін жаулаймын деп те сөз берген еді. Сөйтсек:

Ғалымжан Молданазар, музыкант:

Бұл жылға енді графигіміз, кестеміз толықтай бос емес. Сол себептен, келесі жылдан бастааймыз. Ресейге, Украинаға, Еуропаның бірнеше қалаларына сәт-сапармен шығуға.

Ал, синти-поп орындаушының отандық жанкүйерлеріне айтар жағымды жаңалығы бар. Ғалымжан Молданазар жылдың соңына қарай, Қазақстан қалаларын аралап, кішігірім турне ұйымдастырмақ.