Батыстың БАҚ өкілдері Дэвид Бекэхмның жеке өмірін талқылап жатқанда, қазақстандық жас футболшылар әйгілі Неймармен кездесудің мүмкіндігін жіберіп алмау жолында, аянбай тер төгуде. Жүзден жүйрік шыққан команда «Пари Сен-Жермен» жұлдыздарымен жүздесуге жолдама алмақ!
Арманыңа қол соз! Бұл балалар үйі мен мектеп-интернат тәрбиеленушілері арасында жыл сайын өтетін футбол чемпионаты. Алтыншы мәрте ұйымдастырылып отырған турнирде, еліміздің 10 аймағынан келген 21 команда бақ сынаған. Ақтық кезеңде үздік шыққан 9 ұжым өзара сайысқа түсті.
Жас аяқдопшыларды қолдауда, отандық шоу-бизнес өкілдері де қол қусырып қалған жоқ. Мәселен, «Мистерионстық» Дильен үшін бұл спорттың орны ерек.
Дильен, «Mysterions» тобының әншісі:
-Бала кезімізде біз тура осы алаңда ойнағанбыз. Біздің команда болған. Осындай газон болған жоқ әрине. Құмның үстінде, шаңның үстінде ойнағанбыз.
Жеткіншектердің алаңдағы өнерін тамашалауға, Ұлттық құрамамыз бен «Қайрат» клубының қорғаушысы Елдос Ахметов те арнайы келген. Азулы аяқдоп шебері, жас ізбасарларына оң бағасын берді.
Елдос Ахметов, «Қайрат» ФК қорғаушысы:
-Бұлардың арасында болашақ жұлдыздар өсіп келе жатыр. Сол себепті, бұл турнирдің қарқыны өте мықты. Қызық. Және де өздеріңіз білесіздер ұтқан команда қай жаққа баратынын...
Иә, тоғыз команданың арасында топ жарған ұжым, әйгілі Неймармен кездеспек.
Лев Трешкин , жас футболшы (Ақтөбе):
-Егер, мен Неймармен кездессем, мен одан футболдың қыр-сырын сұраймын. Және де мен онымен суретке түсемін.
Нұрқанат Бүркітов, жас футболшы (Павлодар):
-Менің арманым - Неймармен жолығу. Содан кейін, онымен жаттығу жасап, футбол ойнау.
Ал, ««Пари Сен-Жермен» жұлдыздарымен жүздесетін жеңімпаз команда, тамыз айында Францияға аттанады!