Головкиннің ізбасары! Талантты боксшыларымыздың бірі - Жәнібек Әлімханұлы, кәсіпқой рингке түбегейлі ауысты. 2013 жылғы Әлем чемпионы, енді өзінің бағын Геннадийдің салмағында сынап көреді. Бұл жолда, Жәнібекке ең үздік бокс менеджері көмекке келмек.
Еңку, еңку жер шалып, намыс найзасын қолға алып, АҚШ елін бетке алып, Жәнібек аттанды жорыққа. 2013 жылғы Әлем және Азия чемпионы атанған 25 жастағы Әлімханұлы, енді түбегейлі кәсіпқой рингке бетбұрды.
Жәнібек Әлімханұлы, 2013 жылғы Әлем чемпионы, кәсіпқой боксшы:
-Түбегейлі әуесқой бокстан кетіп жатырмыз, әуесқой бокстағы арманымыз олимпиада алтыны еді , бұйырмады... Кәсіпқой боксқа ауысып, сол жақтағы қазақтың әдемі бір техникасын, көрсетсек деген оймен толығымен ауысып жатырмыз.
Олимпиада алтыны Жәнібекке бұйырмады, қош! Енді, кәсіпқой бокстағы жолым жарқын болсын деген Әлімханұлының бар ісін, The Ring журналының пайымымен 2017 жылдың үздік менеджері атанған Эгис Климас жүргізбек.
Жәнібек Әлімханұлы, 2013 жылғы Әлем чемпионы, кәсіпқой боксшы:
– Эгис Климаспен келісімшартқа қол қойып жатырмыз. Промоутермен әлі де варианттар көп. Оның бәрін АҚШ-қа барған соң қарастырып, өзімізге қолайлы, шоу-жасай алатын, келісімшартқа қол қоямыз деген үміттеміз.
Эгис Климас АҚШ-қа танымал Ломоченко, Ковалев секілді бокс жұлдыздарымен қатар Қанат Ислам, Мадияр Әшекеев сынды қазақ спортшыларының менеджері. Жәнібек Әлімханұлы өзінің әйгілі жерлесі Геннадий Головкиннің дивизионын таңдап отыр. Ол орта салмақтың серкесі атанып, чемпиондық белбеуді тағынсам деген ниетте.
Жәнібек Әлімханұлы, 2013 жылғы Әлем чемпионы, кәсіпқой боксшы:
-Бізде бірінші кезекте контрактіге отыру, сосын дайындық, содан кейін барып қарсылас таңдау. Басты қарсыластар – чемпиондар деп айтсам болады. Мақсатымыз рейтингтен көтеріліп, сол чемпиондыққа жету.
Жәнібек кәсіпқой бокста бұған дейін екі тәжірибелі қарсыласпен жекпе-жекке шығып, барлығын нокаутпен ұтқан. Келешек айқастары да осал болмасы анық. Ал, қазақ бокс жанкүйерлері, ұлына жеңіс тілейді!