Нью-Йоркте «Дедпул-2» картинасының тұсауы кесілді. Кезінде, лентаның алғашқы бөлімі табыстылар тізімінен табылған еді. Қызыл киімді әзілқой кейіпкер, бұл жолы өткен жетістігін қайталай алады ма? Жауабын тілшіміз біліп көрді.
Марвелдың қызыл киімді кейіпкері арамызға қайта оралды! Нью-Йоркте көрерменнің көзайымына айналған «Дедпул-2» картинасының премьерасы өтті. Атаулы салтанаттың сөзсіз жарық жұлдызы - бас кейіпкер Райан Рейнольдс. Актер, көптен күткен премьераға жұбайы Блейк Ла́йвлиді ерте келіпті.
Райан Рейнольдс, актер:
-Дәл қазір кеудемді мақтаныш, әрі қуаныш сезімі кернеуде. Сиквелды ойдағыдай түсіретіндігімізге сенген едім. Бұл жоба өзіме қатты ұнайды.
Дедпулдың бірінші бөлімі кезінде ең табысты картиналар қатарына қосылған еді. Лента жарық көрген алғашқы аптасында-ақ рекорд орнатып, басы-қасы 800 миллион АҚШ долларын жинаған. Киногерлер сөзінше, аталмыш сиквелдің жалғасы - бұрынғы жетістігін қайталауға қауқарлы өнім!
Морена Баккарин, актриса:
-Бірінші бөлімді таспалап жатқанда, қандай қызықты сценарий деген едім. Алайда, екінші бөлімі одан да қызығырақ болатын сияқты. Лента жалғасының таспалануы мен үшін күтпеген жағдай болды.
Бұл жолы аузы жеңіл, әзілкеш кейіпкерді өзгеше қырынан танымақпыз! Себебі, Дедпул жауына қарсы шайқаса жүріп, достық пен махаббат, отбасы туралы ойлана бастайды. Тіпті, бұзақы бұдан-былай қаһарман атануды да көздейді.
Ал, отандық көрермен шытырман оқиғаға толы фантастикалық комедияны, мамыр айының 17-нен бастап тамашалай алмақ!