Голливуд жұлдызы Элизабет Мосс актрисалық мансабымен қоштасуға әлі асықпайды. Өнерпаз, өзі ойнайтын «Үй қызметшісінің хикаясы» туындысының, екінші мауысымының тұсаукесеріне қатысты. Еске салар болсақ, бұл телехикая Эмми сынды бірнеше абыройлы кинобәйгелердің жеңімпазы атанған еді.
Киногерлер қауымы әсерлі лентаның тұсаукесерін де, есте қаларлықтай етіп ұйымдастыруға талпынған. Ал, телехикаяның жаңа мауысымы көрерменге таныстырылған шарада, актерлар кештің басты жұлдыздарына айналғандай.
«Үй қызметшісінің хикаясы» драмасындағы оқиғалар, қиялдан құрылған болашақтағы, тоталитарлық Галаад Республикасында өрбиді. Ондағы жүз әйелдің ішінен, тек біреуі ғана бала сүю бақытына ие.
Дәл осындай сюжетпен өрілген картинаның екінші маусымын таспалауды, киногерлер о баста жоспарлаған екен. Еске салсақ, телехикая жазушы Маргарет Этвудтың романының желісімен түсірілген.
Брюс Миллер, продюсер:
-Бірінші маусымды таспалап жатқанда Маргарет екеуіміз, оның жалғасы туралы ойлай бастадық. Бұл маусымды көрермен қалай қабылдайтыны, біз үшін маңызды.
Телехикаяның жалғасында да басты рөлді сомдау жауапкершілігі, актриса Элизабет Моссқа бұйырған.
Элизабет Мосс, актриса:
-Туынды қызықты, әрі көрерменге шалқар шабыт пен, түрлі сезім сыйлай алатынына сенімдімін.
Көпшілік күткен картинаның жалғасы, сәуір айының 25-нен бастап жарыққа шықпақ!