Бақталастық қызып тұрған заманда, қарап жатсаң көштен қаласың! Бұл бүгінгі кинопродюсерлердің ұстанымындай! Атышулы Алагөзова поп-корн саудасына кіріскен. Әлде, бұл Баян ойлап тапқан жарнаманың жаңа түрі ме?
Отандық фильмдердің қатары артып, кинотеатрға қарай аяңдаған адамдардың қарасы көбейгелі, продюссерлердің де дегбірі қашқан. Бір-бірімен бәсекелескен олар жарнаманың түр-түріне баруда. Бірі бейнероликтер түсірсе, бірі фильмінің билеттерін өзі сатуда. Ал Баян Алагөзова болса, сауда орталықтарының бірінде поп-корн саудалап жүр.
Баян Алагөзова, продюсер:
- Біріншіден неге өзіңді жаңа рөлде сынап көрмеске, иә? Мен қуана-қуана кинотеатрдағы сатушының кейпіне енемін. Екіншіден-бұл әлемдік практика, көрермендердің назарын аудару үшін. Және көтеріңкі көңіл күймен, әдемі күлкіңмен халықты қарсы алғанға не жетсін?!
Өзгеше сатушылар арасында ашық-шашық образдары үшін жұрттың сын садағына жиі ілігетін Кәмшат Жолдыбаева да жүр. Әнші «бұл қадамға еріккен соң барып отырған жоқпын, күнкөрістің қамы ғой» деп әзілмен жауап берді.
Кәмшат Жолдыбаева, әнші:
- Соңғы кездері той аз болып кетті. Ақша өте аз. Күнелту керек. Сондықтан мен ойлаймын жұмысты таңдап қажет емес. Поп-корн сатып та жұмыс жасауға болады. Керемет!
Кішкентай «Сиситай» үшін халыққа жақын болудан асқан бақыт жоқ екен. Көптің пікірін біліп, сынына құлақ асып, жеке мінімді түзесем дейтін жас актриса Әйгерім, поп-корн сатудан еш қымсынбайтынын айтады.
Әйгерім Мергенбай, актриса:
- Халыққа жақын болу деп ойлаймын. Халыққа неғұрлым жақын болсаң, соғұрлым жұмыс жақсы өтеді. Соғұрлым халыққа ұнайды кино деп ойлаймын.
Халыққа ұнау үшін, мың түрлі айла-амал тауып, сан түрлі қулыққа баратын әртістер қауымының әлі де аянып қалмасы анық. Бұның бәрі, жұрт көңілін тапсақ деп жанталасушылардың пиар қадамы мен төселген тәсілі.