Баян «Махаббат бекеті – 2» картинасын таспаламақ!

Сообщить о проблеме с эфиром

«Махаббат бекеті-2!» Баян Мақсатқызы аталмыш мелодраманың жалғасын қалай өрбітпек? «Махаббат бекеті!» Иә, ерекше сезімге толы кинотуындыны тамашаламаған жан жоқтың қасы шығар, сірә! Айтпақшы, аталмыш фильмдегі Гүлназдың рөлін сомдаған Баян, әйгілі мелодраманың екінші бөлімін таспалауды қолға алмақ. Картинаның жалғасы қалай өрбімек? Алагөзованың өзі айтсын...

«Махаббат бекеті» картинасы 1993-ші жылы жарыққа шыққан. Мектепті тәмәмдаған түлектердің сезімге толы хикаясын суреттейтін фильмге, биыл 25 жыл толыпты. Басты рөлді сомдаған Баянды бүгінде бүкіл ел таныса, аталмыш мелодрамада Гүлназға ынтық Орал мен Жеңіс, яғни Қуанышбек Адылов пен Бөпеш Жандаевтар көрермен көзінен жырақта жүр.

Баян Алагөзова, продюсер:

- Біздің кинодан кейін достығымыз жалғасқан жоқ! Білуімше Қуанышбек Адылов қазіргі таңда, Алматыдағы қуыршақ театрларында жұмыс жасайды. Анда-санда кастингтерде көріп қаламын. Ал, Бөпеш Жандаевпен жиі жүздесіп тұрамыз, Бірақ тек жұмыс бабымен ғана.

Алагөзованың айтуынша, «Махаббат бекетіндегі» үш ғашық, ширек ғасырдан соң тағы да түсірілім алаңында бас қоспақ. Бүгінде сценарий жазылып,  режиссер таңдалу үстінде екен. Тіпті, пысық продюсер аталмыш картинаның тұпнұсқасын таспалаған Теменовтің де рұқсатын алып үлгеріпті. 

Баян Алагөзова, продюсер:

- Таяуда ғана Талғат Досымғалиұлына қоңырау шалдым. Барлық мән-жайды түсіндіріп, жоспарларыммен бөліскен болатынмын. Ол «Махаббат бекетінің» жалғасын түсіруге рұқсатын берді.

Иә, алғашқы бөлімде Орал мен Гүлназдың махаббат хикаясы дәл осылай аяқталған еді. Мелодраманың 25 жылдан кейінгі жалғасы енді қалай өрбімек?!  

Баян Алагөзова, продюсер:

- Орал мен Гүлназ соңында бәрібір қосыла ма әлде жоқ па? Бір жағынан Гүлназдың қызы Алманың, есейіп қалғанын да естен шығармауымыз керек. Ал, Оралдың өз отбасы ше? Балалары бар ма? Бұл да көрерменге қызық. Сондықтан,  сюжеттің ерекше боларына сенеміз!