«Оскар» жүлдесінің үш дүркін иегері Дэниэл Дэй-Льюис, бұдан былай киноиндустриядан табатын қаламақысын ойлап бас қатырмайды. Өйткені, өнер иесі актерлық мансабына нүкте қоюға ниетті. Тосыннан қабылданған шешімге, голливуд жұлдызының берер жауабы да дайын.
Алпыстан асқан шағында киноиндустриямен қоштасатынын хабарлаған Дэниэл, дүйім жұртты дүр сілкіндірді. «Оскар» жүлдесінің үш мәрте жеңімпазы, актерлық мансабындағы соңғы шешімді «Призрачная нить» фильмінің түсірілімі аяқталған сәтте қабылдапты. Десек те, Дэй-Льюис болашақта қай салада қызмет атқаратыны жайлы жұмған аузын ашпай отыр.
Дэниэл Дэй-Льюис, актер:
-Мен бұл шешімді ұзақ ойланып барып қабылдадым. Маған қиын болары сөзсіз. Өйткені, бар өмірімді киноға арнадым емес пе? Ең бастысы бала арманыма қол жеткіздім. Түсірілім алаңында қаншама достар таптым. Әйгілі актерлармен әріптес болдым. Енді, басқа бағытта бағымды сынап көретін уақыт жетті.
Керісінше Гарри ханзада мен Меган Маркл жұрт назарында бұдан былай жиі жүруді құп көрген сияқты. Иә, әйгілі жұп Лондонда өткен қайырымдылық шараның бірінде ел алдына шықты. Патша әулетінің 36 жастағы болашақ келіні, бұл жолы дизайнер Александр Маккуиннің әйелдерге арналған смокингін таңдаған. Айта кетейік, ғашықтардың дүбірлі тойына төрт айға жуық уақыт қалды.
Шет елдік шоулардың бірінде қонақта болған Джейми Доран, соңынан ерген қауесетке нүкте қойды. Бүгінде жұрт 35 жастағы актерді Дакота Джонсонмен жұптастырып, екеуінің махаббат хикаясы барын айтқан-ды! Алайда, жеке өміріне қатысты бұл сауалға «50 оттенков серого» картинасының жұлдызы нақты жауабын берді.
Джейми Дорнан, актер:
-Бұл ақылға сыймайтын сияқты. Өйткені, біз ағалы-қарындастай болып кеттік. Оның үстіне менің басым бос емес. Жұбайым Амели жанымда. Сондықтан, Дакота екеуіміздің арамызда достық мен сыйластық қана бар.
Сондықтан, Джейми мен Дакотаның жеке өмірін талқыға салғандар, қос әріптестің арасындағы романтикаға толы сәтті 8-ші ақпаннан бастап, тек үлкен экраннан ғана тамашалай алады.