Бейбіт Шүменов те рингке қайта оралар күнді асыға күтіп жүр! WBA және WBA Super тұжырымдары бойынша әлем чемпионы болған кәсіпқой боксшымыз, мансабын қайта жандандырмақ! 34 жасар қазақстандық былғары қолғап шебері, енді белбеу үшін қашан айқаспақ?
Бейбіт Шүменов бірінші ауыр және жартылай ауыр салмақта WBA, WBA Super тұжырымдары бойынша әлем чемпионы болған. 34 жастағы қазақстандық кәсіпқой бокста 19 жекпе-жек өткізіп, 17 мәрте жеңіп, 11 нокаут тіркеген. Шүменов қазақ былғары қолғап шеберлері арасында екі салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанған тұңғыш спортшы. Енді, отандасымыз рингке қайта ораламын деп шешкен!
Бейбіт Шүменов, әлемнің экс-чемпионы:
- Биыл чемпиондық жекпе-жек өткіземін. Бір немесе екі кездесуден кейін мен мықтылармен жұдырықтасуға дайын боламын. Мен екі салмақта - бірінші ауыр салмақ және ауыр салмақта өнер көрсетпекпін.
Өткен жылдың соңына Шүменов өз мансабын аяқтаған еді. Бұған себеп болған, ауыр салмақтағы әлем чемпионы, кубалық Юниер Дортикоспен өтетін кездесуіне дайындығы барысында алған жарақаты.
Бейбіт Шүменов, әлемнің экс-чемпионы:
-Рингтегі ұзақ уақыт үзілістеріме жеке менеджерімнің де кінәсі бар. Ол өз жұмысының көптігінен, маған тиісті жекпе-жектерді жиі ұйымдастырып бере алмады. Екіншіден көзімнен жарақат алып, екі мәрте ота жасаттым.
Соңғы 6 жылда Бейбіт тек алты жекпе-жек өткізіпті. 2009 жылы Габриель Кампильоға есе жіберіп, кейін қарымтасын қайтарды. 2014 жылы Бейбіт 30-жасында, 49-ға келген Бернард Хопкинстен ұпай санымен ұтылып, белбеуінен айырылған еді. Ең соңғы рет, 2016 жылдың мамыр айында америкалық боксшы Джуниор Энтони Райтты техникалық нокаутпен ұтқан. Енді, тағы да чемпион атанудан дәмелі!