Танымал "Gracenote" статистикалық агентігі 2018 жылы Пхенчханда өтетін қысқы Олимпиада ойындарында, Қазақстан жүлдесіз қалады деп болжайды. Ал, ұлттық құраманың жетекшілері үздік 25 елдің қатарынан табыламыз деп отыр. Сонымен, үміт артар спортшыларымыз кім?!
2018 жылғы Олимпиадаға 80-нен астам елдің 5000-нан астам спортшы қатысады. Пхенчханда 15 спорт түрінен 102 медаль жиынтығы ойнатылмақ.
Қазақстан тоғыз спорт түріне қатысуды жоспарлап отыр. Олар: биатлон, мәнерлеп сырғанау, тау шаңғысы жарысы, шорт-трек, конькимен сырғанау, шана спорты, шаңғы тебу, трамплиннен шаңғымен секіру, фристайл.
Ел тарихында спортшыларымыз бұған дейінгі қысқы Олимпиадаларда 7 медаль жеңіп алған екен. Олардың ішінде - бір алтын, үш күміс және үш қола медаль бар. Қазіргі таңда ұлттық құраманың 25-ке жуық олимпиадалық лицензиясы бар. Оларды жеңіп алу 2018 жылдың 30 қаңтарына дейін жалғаспақ.
Медальдан басты үмітті спортшыларымыз: Алексей Полторанин, Денис Тен, Дмитрий Рейхерд, Галина Вишневская және олимпиаданың ашылу салтанатында ту ұстап шығатын шорт-трекшіміз Абзал Ажғалиев.