Серік Ибрагимовтің әнін қырғыздар қолды қылды. «Жаяуға» жиендік жасағандарды әнші қалай жазаламақ?!

Сообщить о проблеме с эфиром

Қазақ-қырғыз бір туған десек те, Серік Ибрагимовтың айыр қалпақты ағайындарға өкпесі қара қазандай. Көрші елдің өнерпазы қазақстандық әншінің «Жаяу» әніне жиендік жасаған. Ол енді рұқсатсыз орындалған трегінің өтемін қалай қайтарып алмақ?

Ибрагимов эстрадаға қадам басқан сәтте, «Жаяу» оның бағын ашқан әндердің бірі! Күні кеше елімізде хит болған тректі, бүгінде Қырғызстанның музыкалық арналарынан табасыз. Серіктің сөзінше, ырғақты әнді көрші мемлекеттің Самат Еркінбеков есімді жас өнерпаз еш алаңсыз орындап жүр екен.

Серік Ибрагимов, әнші:

-Менің рұқсатымсыз, продюсерімнің рұқсатынсыз айтып, сөзін өзгертіп, атауы «Жаяу» деп қалған. Бейнебаян түсіріп тастаған рұқсатсыз. Рұқсат алған жоқ. 

Серіктің әніне айыр қалпақты ағайынның аңсары шынымен ауа бастағандай. Жақында ғана қазақ өнерпазының тағы бір тың трегіне, қырғыз әріптесі құда түсіпті. Бірақ, бұл іс қос тараптың келісімімен жүзеге асқан. 

Серік Ибрагимов, әнші:

 -Жақында «Үйлендім мен» әнін біз ғана емес, көршілес қырғыз еліндегі бауырларымыз сұрап алды. Әнді айтайын, қырғызша сөзін жазайын, әні де, тақырыбы да өте жақсы екен деп, жазып қойды әнін. Бейнебаян да түсіріп қойған шығар. Дайын болғанда міндетті түрде айтады.

Иә, ән дайын! Ибрагимовтің орындауындағы «Үйлендім мен» қырғызша нұсқада мынадай.

Ал, «Жаяу» әніне жиендік жасаған жігітті Ибрагимов жазасыз қалдырмаймын деп отыр. 

Серік Ибрагимов, әнші:

-Ол заң жүзінде болса да, адами тұрғыдан болса да дұрыс емес. Ең болмаса алдынан бір өту керек қой. Қырғызстанға барып тұрамыз ғой. Концертпен, іс-сапармен. Сол кезде ұстап аламын!

Серіктің репертуарында да айыр қалпақты ағайындардың әні бар. Мәселен, жұбайына арнаған «Махаббатым» атты тректі, қырғыз композиторының рұқсатымен әнқоржынына қосқан.