Азамат Сатыбалдының театрына келгендер тұщымды ой түйе алды ма?!

Сообщить о проблеме с эфиром

Азамат Сатыбалдының жеке театры тағы бір туындының тұсауын кесті. «Войцек» спектакльнің премьерасына келгендер «Бұл қойылымның көрермені көп болмайды», - деп топшылаған. Алайда, азулы актердың оларға айтар жауабы дайын!

Сатыбалдының жетекшілігіндегі ұжым, бұл жолы неміс драматургі Бюхнердің «Войцек» пьесасын қазақ тіліне тәжімалап, алғаш рет алматылық көрерменге ұсынды. Қойылым желісінен бүгінгі замандағы адамдардың ішкі пиғылын айна-қатесіз көре аласыз дейді актер. 

Азамат Сатыбалды, актер:

-Егер қалыпты шешіп тастайтын болсақ, ішімізде біздің сол анайылық, сол зинақорлық, сол жамандық бәрі сол тұр. Соны көрерменге көрсетуге тырыстық. Әрбір көрермен ойлану керек, спектакльді көргенде...

Тұсаукесерге келгендер, трагикомедия жанрындағы бұл қойылымның көрермені көп болмас деседі.  

Нұрлан Албан, әнші:

-Қарапайым көрерменге түсіну қиын шығар. Бірақ қойылып жатқан қойылымның ішкі астарына үңілу, бұл бір шетінен ой-өрісіңді, рухани біліміңді өсіретіні сөзсіз.

Азамат Сатыбалды, актер:

-Көрермен келгісі келеді ме, біздің есік ашық. Театр көрерменнің жетегінде кетпеу керек. Театр көрерменді өзіне қарай тәрбиелеу керек. Өзінің жетегінде ұстау керек. Сонда ғана театр өседі.

Алғашқы көрермендер қатарында Досхан Жолжақсынов та бар. Әйгілі актер «Войцектің» болашағын әлемдік додалармен байланыстырып отыр.

Досхан Жолжақсынов, актер:

-Бұл спектакль негізі кез-келген театр фестивалінің спектаклі. Еркін барып, жалауы құламай қайтатын спектакльдердің бірі. Осы қуантады.

 Азамат Сатыбалды, актер:

-Біздің Қазақстанның да актерларының де деңгейін, режиссерларының өресін білдіргіміз келді. Сол үшін, біз мүмкіндігінше шет елдің фестивальдеріне арнап қойдық.

«Войцек» спектаклі келер жылдың наурыз айында, Түркияда өтетін театр фестивалінде бақ сынайтын болады.