Жиырма күнде фильм түсіріп, отандық киноөндіріске жаңалық енгізген режиссерді естіген боларсыз... Асқар Бисембиннің бұл жолғы туындысы апталық табысы бойынша үздіктер көшіне қосылды.
Өткен демалыстың нәтижесінде отандық айналымда «Больше, чем кино» комедиясы үздік бестікті түйіндеді. Асқар Бисембиннің картинасы алашқы уик-эндте 24 млн-нан астам теңге қаржы еншілеген. Фильмдегі түр-тұлғасы таныс актерлік құрам, өз көрерменін жазбай тапқан болса керек.
Бұл аптада қаржылай жиынтығымен мәреге төртінші келген «Здравствуй, папа, Новый год! 2» картинасы. Сюжеті америкалық әзілге құрылған фильм қоржынын 30 млн теңгеге толтырған. Бұл лента Жаңа жылды аңсаған қазақстандықтардың көңілін тапқаны анық.
Шытырман оқиғалар желісі суреттелетін «Снеговик» фильмі, табыстылар тізімінде үшінші тұр. Бірнеше жыл бойы алғашқы қар түскенде, әйелдердің ұшты-күйлі жоғалуының құпиясын атақты детектив ашуға тырысады. Өткен бес күндікте картина 39 млн теңгені қалтасына басқан.
Екінші сатыға «Тайна Коко» анимациялық туындысы жайғасты. Ли Анкрич режиссерлік еткен мульфильм, соңғы аптада 54 млн теңгедей табысқа кенелген. Алғашында «День мертвых» деп айдар тағылған туындының, атауын өзгерту нәтижелі қадам болған секілді.
Өткен жұмадағы мықтылардың көшін бастаған «Лига справедливости» боевигі. Суперқаһармандар жайлы шытырман картина, 60 млн теңгелік ақшалай көрсеткішімен қара үзіп шықты. Бұл кейіпкерлердің Жер шарын құтқарудағы ерлігін, режиссер Зак Снайдер тартымды көрсете білген дейді көрермен.