«Қанша қаржы салсаң да еңбегіңнің еш кеткені жаман», - дейді Сиви. Осы уақытқа дейін өнерлі жастарды қолтығынан демеп келген Махмуди, шәкірттерінің шектен шыққанын жеткізді. Продюсер өзіне мінез көрсеткен жобаларын қалай жазаламақ?!
Сиви жетекшілік ететін «Саламат» тобы, әнші Лара және Айдарбек Рысбек продюсерімен ат құйрығын үзіскен. Бұрындары қаржы мәселесіне бас қатырмайтын жастар, бүгінде өз бетінше еңбектеніп жүрген көрінеді. Ал, соңғы шешімді қабылдау Махмудидің мойынына жүктеліпті.
Сиви Махмуди, әнші, продюсер:
- Шыны керек жобаларымнан шаршадым. Бірінші рет айтып тұрмын. Өйткені, қанша жылдан бері жоба-жоба деп өзімді ұмытып кеттім. Бүкіл ойым, жүрегім, уақытым барлығы сол жобаларыма кететін. Бірақ, барлығы түсінбейді екен. Арасында ренжітетіндері бар. Арасында түсінбей, мінез көрсететіндер бар. Сонымен бәріне сабақ болсын деп, барлығын қазір жібердім.
Бұл бір-бірімен тіл табыса алмаған қос тараптың шешімі. Ал, қол астындағы қыз-жігіттермен қош айтысқан продюсер, жұмыс жасаған мерзім ішінде жобаларынан пайда таппағанын айтады.
Сиви Махмуди, әнші, продюсер:
-Мен негізі қатал продюсер емеспін. Өте ақ көңіл, қолы ашық... Әрбір продюсер мендей-ақ болсын. Мендей продюсер жоқ деп білемін. Менде табыстан гөрі, расход көп. Мен табыс тапқанда емеспін. Бар болса да өздерінен артылмайды. Көптеген қаржы кетті оларға.
Бұрындары жобаларын жарнамалап, жастардың көлеңкесінде қалатын Сиви, қазіргі таңда өзінің әншілік мансабын мықтап қолға ала бастапты.
Сиви Махмуди, әнші, продюсер:
-Қазір күшті болып қалдым. Қазір «звезда» болып жатырмын ғой. Сезіп жатқан шығарсыздар. Бүкіл съемка, концерттен қалмаймын. Бұрын бармайтын едім солар деп. Өйткені, мені шақырса мен аузымнан жырып соларды тығатынмын да. Мені шақырмай-ақ қойыңыздаршы, менің жобаларым деп...
Ал, келер жылдың көктемінде «Сиви мен сахна» атты 10 жылдық шоу концертін өткізуді жоспарлап отыр.