Бір жарым жыл бұрын ғана, жаңа құраммен жасақталған «Асыл» үштігінде тағы да өзгеріс. Осы уақыт аралығында бір ғана клип таспалап үлгерген ұжым, қайтадан көлемді кастинг өткізіп, үздік шыққан аруды қатарға қоспақ. Ал, қобызшы қыздардың қайсысы топтағы жұмысын тоқтатады?
Иә, қобызшы қыздардың қатарын толықтырғысы келетін, аспабын арқалаған арулар, іріктеуде бағын сынауға ниетті! Алайда, келбеті келісті болғанымен, топтың қойған талабына төтеп бере алмағандар көп көрінеді.
«Асыл» тобы:
-Ән айтатын сымбатты қыздар көп. Бірақ, ән айтып, қобызда ойнап, өзінің сымбатымен, сахнадағы сенімділігімен барлығын бір бойға жинау ол... Ондай қыздар көп емес деп айта алар едім. Кем де-кем.
Тіпті «Асылда» өнер көрсеткісі келетін арулар, тамыр-таныстар арқылы ақша ұсынып, топ құрамын толықтыруға әрекет жасап көріпті. Алайда, ұжым мүшелері жемқорлыққа жол бермейміз, дейді.
«Асыл» тобы:
-Осындай менің сіңілім бар еді, қарап көресіздер ме, кіргісі келіп жүр еді деген біраз ұсыныстар болған. Таныс болса да, егер қобызда дұрыс ойнай алмай, әнді дұрыс айта алмай тұрса өзіне қиын болады.
Айтпақшы, топқа лайықты үміткер табылмаса, «Асылдың» іргетасын қалаған Ғалия Мұратова қатарға қайта қосылып, қобызшы қыздар ұжымы квартет болып өнер көрсетуі бек мүмкін. Бұл ақпаратты арулар ашып айтпаса да, қыздардың кастингтен кейінгі болжамынан байқадық.
«Асыл» тобы:
-Ғалия қайтып келсе енді... Келемін мен, келгім келіп тұр десе мүмкін... Негізі өзі бір күліп қойған. Осы сендердің кастингтеріңе келемін-ау деп. Бірақ әлі де келген жоқ. Күтеміз, Ғалия біз сені күтеміз.
«Асылдық» арулар топтың жаңа құрамын, желтоқсан айының 7-сі күні ресми түрде таныстырмақ!