Николь Кидман, Джиджи Хадид, Соланж Ноулз бастаған бір топ сылқым «Гламур» журналының «жыл әйелі» марапатын еншіледі. Сұлулар арасында, әйгілі астронавт Пегги Уитсон да бар. Кім қандай жетістігімен көзге түсті?
Өнер, ғылым, саясат пен қоғам. «Гламур» журналы әр салада жемісті еңбек етіп жүрген нәзік жандыларды басын бір шаңырақ астына жинады. Әйгілі басылым, 27-ші рет жылдың ең үздік әйелдерін марапаттады.
Сән сахнасында 2014 жылы тұсауы кесіліп, бүгінде табысымен талайға үлгі болған Джиджи Хадид те «жыл әйелі» сыйлығын иеленді. 22-жасар сылқымға арнайы жүлдені атақты тенисші Серена Уиллямстың өзі табыстады.
Толқыған Серена құттықтаймын деп, абайсызда аққұба арудың бетіне, қара түсті бояуын жағып алды. Жүзіне жұққан дақ, Джиджидің әсерлі сөздерімен көпшілікті елітуіне еш кедергі болмады.
Құрбыларына қарғанда байсалды, «Оскар» сыйлығының иегері Николь Кидман да, шарадан құр алақан қайтпады. Актриса соңғы жылдары БҰҰ-ның ерікті елшісі ретінде қайырымдылыққа бет бұрған.
Николь Кидман, актриса:
-Бұл расымен үлкен мәртебе. Өзім үшін ғана емес, өзге нәзік жандылар үшін қуаныштымын. Расында, мұндағы әрбір әйел арнайы жүлдеге лайық.
Әр саланың маңдай алды әйелдер қауымы жиналған шарада, астронавт Пегги Уитсон де бар. Ол жуырда ғана, 665 күндік ғарыш сапарынан оралыпты.
Дрю Бэрримор:
-Мұндағы әйелдер де, ерлер қауымы сияқты әлемді өзгертіп жүрген жандар. Дәл осы кеште, Пегги сынды өз еңбегімен ерекшеленген сұлулар арасында жүрудің өзі бір ғанибет.