Молданазардың мини – фильмін әлі біраз тосуға тура келсе, «Ауылдастар» телехикасының жаңа маусымын дәл бүгін тамашалауға мүмкіндік бар. Көреремен асыға күткен комедия, бүгіннен бастап эфирге шығатынын естігендер, экс «Аюмилік» Айдананы да көреміз бе деген сауалын жаудырды. Жауабын бірге білейік...
Тайсон, Айфон, Дима һәм Сабын! Ауылдағы бұл төрттіктің бастан кешкен шытырман күндері, бірінші маусымнан-ақ көрермен көңілін жаулап үлгерді. Мұны – жоғары рейтинг, жалғасына деген толассыз сұраныс дәлелдеді. Тіпті, жігіттерді кейіпкерлерінің есімімен атауды әдетке айналдырған.
Анарбай Еділ, актер:
– Мынандай бала келеді да маған «ей Сабын» дейді маған. Әкесі қатал адамдар бар ғой. Солар анандай қып айтады маған. Сабын ағай деп.
Күздің басында «Саймасай» ауылына қайта аттанған серілер, комедияның екінші маусымын таспалады. Түсірілім жұмыстары жүріп жатқан тұста да, эфирге әзірлену үстінде де, көрермен Айдана Шәріпханды сұраумен болған.
«Ауылдастар» телехикасының әртістері :
– Айдана негізі тұрмысқа шығып кетті, Карина да жоқ. Айдана Шарипханова ойнай алмайды. Себебі, ол сценарий бойынша жоқ. Ал, сценарийді жазған мына жігіт.
Экшн, атыс-шабыс, қалжың мен күлкі. Бұл жолы оқиға тек ауылда емес, әсем Алматыда да өрбиді.
Анарбай Еділ, актер:
– Төртеуміз организация дейді ғой, бір мекемені басқарамыз. Қандай мекеме ол сіздерге жұмбақ болып қалсын.
Жұмбаққа жауапты жақын уақытта таба аласыз! Себебі, «Ауылдастар» комедиясының екінші маусымы бүгіннен бастап, жұмыс күндері сағат 22:20 – да эфирге шығады! Қапы қалмаңыз!