Төлеповтер әулетінде қос қуаныш! Асылханның неке қию салтанатында, ағасы Артур сүйіктісіне үйленуге ұсыныс жасады!
-Салтанат, кеше керемет тойдың куәгері болып қайттым.
-Иә, естуімше досың әрі белгілі актер, «Жау жүрек мың бала» кейіпкері - Асылхан Төлепов бойдақтықпен қоштасып, ақ құсын қолына қондырыпты.
-Ол ол ма?! Үйлену салтанатының дәл қызған шағында, тағы бір жақын жолдасым Артур да сүйіктісіне сақина салып, шаңырақ көтеруге ұсыныс жасады.
-Қос қуаныш дейсің ғой...
Отандық киноқоржындағы талайлы картиналарда төбе көрсетіп, халық қалаулысы міндетін де бір кісідей атқарып жүрген Асылхан Төлепов журналистті жар етті.
Алматылық ару - Қазақ Ұлттық университетін тәмамдап, қалалық әкімшілікте жұмыс істейтін көрінеді. Сері – Айсұлумен достарының неке қию салтанатында танысып, қос жүрек содан бері табысқан екен.
Жоқ-жітікке қамқор болып, талай көзге түскен Асылхан, өз шаңырақ көтеру мерекесінде де бұл қағидасынан жаңылмады. Тойдың ұлан-асыр кортежінен бас тартып, оның орнына жетім балалармен жүздесіп, дастархан жайғанды.
Ең жас депутаттың ақ отау тігу салтанаты «Қазақстан» қонақ үйінің мейрамханасында дүркіреп өтті. Шашбауын көтеріп, Алматы әкімі – Бауыржан Байбектен бастап, шенеуніктер, халық қалаулылары мен шоу- бизнес өкілдері, киногерлер түгел жиналған.
Ақ келін түсіріп, арқа-жарқа болған әулеттің қуанышын Артур Төлепов еселей түсті. Сүрленіп үлгерген бойдақ сері, інісінің ізін ала өз сүйіктісіне той үстінде үйленуге ұсыныс жасады.
Таяуда, тағы да той! Енді ағайынды актерлердің үлкені де өміріндегі маңызды салтанатты көп ұзатпай, дүркіретіп атап өтуге ниетті.