Өз ата-анасына келін болып, сәлем салу санаға сыйымсыз құбылыс! Бірақ, Айым Сейтметова дәл осы жәйтті бастан кешіруде. Шәріп Серік, яки Шакентимен көңіл қосқан актрисаға, өз анасы – Данагүл Темірсұлтанова орамал салып, әкесі – Азат батасын беретін болады...
Наурыз мерекесіне арнап комедия таспалау – режиссерлер үрдісіне еніп келе жатқандай! Енді, Қанағат Мұстафин отандық кино қоржынды, тағы бір тың туындымен толықтырмақ. «С Новым счастьем» картинасы да, Ұлыстың Ұлы күні қарсаңындағы мерекелік қарбаласты суреттейді.
Қанағат Мұстафин, режиссер:
- «Ұзату батл шоу» деген үлкен сайыс болады. Оған Қарабаев пен Сарыбаев деген екі отбасы қатысады. Солардың арасында неше түрлі шытырман қызықтар болады.
Комедияда басты рөлдің бірі – Айым Сейітметоваға бұйырған. Актрисаның бұл толықметрлі картинадағы дебюті! Ғашығын – Шәріп Серік ойнайды. Ал, Сейітметовтер әулетінің отағасы – Азат пен отанасы – Данагүлге, Шаконың әке-шешесі болу ұсынылған. Сөйтіп, қазақ киносының мэтрлары өз қыздарына сюжетте қайын ата мен ене болып шыға келді.
Айым Сейтметова, актриса:
– Бұл комедияда, Шако екеуміздің махаббат линиямыз жарқын деп айта алмаймын. Бір-бірімізді ұнатамыз, сезімді білдіру деген жоқ. Ыммен, көзқараспен. Көзінің қырымен деген сияқты.
Комедия телеарна өмірін суреттеп, көк жәшікте қызмет ететіндер жайлы сыр шертпек. Сондықтан, Шакенти кейіпкеріне ұқсас образ іздеген.
Шәріп Серік, актер:
– Менің жан досым – Адиль Лиян. 18-20 жыл болды теледидарда жұмыс істеп жүргеніне. Ешбір ешкімнен сұраған жоқпын. Өзім түсіндім Адильге қарап түсіндім телевизионщик қандай болуы керек екенін.
Бір қызығы картинада қос режиссер, яки Қанағат Мұстафин мен Айдын Сахаман қызмет етеді. «Екі қошқардың басы бір қазанға» қалай сыйысты?
Айдын Сахаман, режиссер:
– В споре рождается истина! 50/50 біздің жұмысымыз да. Бір-бірімізді толықтырамыз.
Отбасылық комедияны Наурыздың қарсаңында күтіңіз!