Өткен жылы «Бала дауысы» байқауында жұлдызды тәлімгерлердің тізімінде болған Әли Оқапов, қызылордалық әнші қыздың көңілін қалдырған. Аймақтық іріктеуде жас өренге көңіл аудармаған көрінеді. Алайда, былтыр бағы жанбаған талантқа өз өнерін паш етудің сәті биыл түсіп отыр.
Иә, биыл Назерке Шамбилованың арманы орындалды. Ол «Бала дауысы» байқауында Қызылорданың намысын қорғайды. Ал, жас әншінің жұлдызды тәлімгері «Алау» тобының солисті Әсет Арыстанбек.
Әсет Арыстанбек, «Алау» тобының әншісі:
-Алдыңғы жылы естеріңізде болса Әли Оқапов болған Қызылордада, Әли Оқапов алмады. Бірақ, бір жылдың ішінде осындай дәрежегі жетіп мені таң қалдырған қыз.
Иә, әр аймақтың үкілеген үміттері өзіндік ерекшеліктерімен тыңдарманды тәнті қылмақ. Мәселен, Маржан Арапбаева бұл жолы көкшетаулық қызды қолдап келген.
Маржан Арапбаева, әнші:
-Біз харизмамен аламыз. Біз энергетикамен аламыз. Ол өте маңызды әртіске. Халықты баурап алып, халықпен бірге энергия алмасып, бүкіл жан-дүниені беріп, әнді орындаған кезде тыңдармандар сенетін болса, ең басты мақсат сол деп ойлаймын.
Айқын мен оның шымкенттік шәкірті вокалдық қабілеттен гөрі, ғаламтордағы танымалдылығына сенім артып отыр.
Айқын Төлепберген, әнші:
-Оның үстіне өзі вайнер екен кішігірім Шымкентте кәдімгідей. Неше подписчигің бар? 190 мың подписчигі бар инстаграмда. Біз подписчикпен аламыз. Жоқ, әрине біз бимен де, әнмен де таң қалдыруға тырысамыз.
3 күнге созылатын аталмыш ән додасын Жанар Дұғалова мен «Найнти уан» тобы қорытындылайды. Олар ақтық сында биылғы үздіктермен қосылып, «Бала дауысы» байқауының әнұранын орындайтын болады. Ал, 3 кезеңнен тұратын сайыстың жеңімпаздары осы айдың 29-ы күні анықталмақ...