Алуа Қонарова «Ринго» -ны таратпайтын болды! Жігіттер жаңа бейнебаян таспалауда!

Сообщить о проблеме с эфиром

Алуа Қонарова қол астындағы үш топтың бірімен қош айтысып, солистерін таратып жіберетінін айтқан еді. Сонда, көпшілік он жылдық тарихы бар «Ринго» сахнадан кетеді деп болжағанды. Әйтсе де, жігіттер әлі талай тың туынды тарту етуге даяр. «Ревюньюс» серілердің жұмысы тоқтамайтынын  растайтын дәлелдер тапты.

Аян Бірбаев,  «Ринго» тобының әншісі:

– Біздің өнердегі өміріміз оңай болған жоқ. Әрине де, әрқашанда қиыншылық кештік. Қуанышты сәттер болды, өкінішті сәттер болды. 11 жыл біргеміз, әлі де бірге боламыз Алла қаласа!

Олардың іргесі сөгілмек емес! Керісінше, бұрыннан да белсендірек іс атқармақ ниетте. Яки, Алуа Қонарова қоштасуды қалайтындар тізімінде, енді «Рензолық» серілер мен «Аюмилік» арулар қалып тұр.

«Ринголықтар» он жылдық тарихын  бейнебаянға таспалап, топтың өнер мен өмірлік жолын жаңа ән арқылы қорытындыламақ.

Аян Бірбаев, «Ринго» тобының әншісі:

– Ағаштардың арасын, тоғайды аралап деген сияқты. Не дегенмен, тоқтамай алға ұмтылып бара жатырмыз. Сондықтан да, міне үстіміз сондай кір... Және де әркімге ешқашанда тоқтап қалмай, алға ұмтылуын тілегеніміз ғой осы бейнебаян арқылы.

Бұған дейін, Алуа Қонарова көзқарасы тың, қолтаңбасы өзгеше режиссерді іздеп шарқ ұрған еді. Мақсаты, қол астындағыларға ерекше бейнебаян түсіріп беру. Нәтижесінде, продюсердің фейсбуктегі жазбасын оқып қалған Санжар Мәди, бірге іс атқаруға қолқа салыпты.  

Алуа Қонарова, продюсер:

– Астымдағыны алты ай іздегеннің кері... Достығымыз мығым болғанымен, Санжардың режиссерлік қыры барын білмеппін. Ол бейнебаянды мен түсіріп берейін деп ұсыныс тастады.

 

Аян Бірбаев, «Ринго» тобының әншісі:

– Санжармен жұмыс істеген өте оңай және де тез.  Нақты біледі не керегін, қалай түсіру керектігін.

Санжардың бұл тұңғыш режиссерлік жұмысы емес. Бұған дейін, Сон Паскальдың туындыларын таспалап бергені бар. Ал, «Ринголықтар» үшін жасаған жұмысының нәтижесін таяу онкүндікте көретін боламыз.