Мархаба Сәби соңғы посттарының бірінде, аға буынға өкпе-ренішін білдірген. Әнші бұл жазбасында отандық эстрадада жаңашылдықтың жоқтығын тілге тиек етіпті. Алайда, өнер иесінің бұл пікірі халық әртісі Мақпал Жүнісованың құлағына жеткен...
Мархаба желідегі атышулы жазбасында: «Осы біз, алдыңғы ұрпақ өкілдерін керемет деп қабылдап, шын-өтірігі аралас әйтеуір мақтап, пір тұтуға құмармыз. Шындығы сол, түк бітірмей, атақтың, қалтасының қамымен жүре беріпті.
Бір жоғары деңгейде ерекше дүние жасайыншы деп бас қатырмапты», - дейді әнші. Ал, бұл пікірге Мақпал Жүнісованың өз айтары бар.
Мақпал Жүнісова, ҚР Халық әртісі:
-Бізге тиіп жатқан шығар ол сөз. Бізді ештеңе жасамады деп ойласа, бізге «Халық әртісін» бекер берген жоқ. Мемлекеттік сыйлықты бекер берген жоқ. Біздің архивті ақтарсын. Қаншама жылда, қаншама ән айтылды. Қаншама гастрөлдік сапарларға бардық.
Халық әртісі, жас әншінің шығармашылығынан азды-кем хабары барын айтады. Бірақ, Мархабаның орындауына деген махаббаты ояна қоймаған.
Мақпал Жүнісова, ҚР Халық әртісі:
Мен бір әнін білемін. «Ұнайсың маған, ұнайсың маған...» дегенді қайта-қайта көп береді. Қатты менің жүрегімді тебірентсе, менің оның әндерін тыңдар едім. Ол мені тебіренткен жоқ. Мен оны тыңдамаймын.
Өнер өлкесіндегілерге өкпесін айтқан Мархаба, бұл жазбасын «Өтірік, Бәке, Сәке деген көлгірсу сыйластықпен, қай ұшпаққа шығар екенбіз», - деп қорытындылаған. Сондай-ақ отандық эстрадаға «Орда» тобының ғана дүмпу әкелгенін айтыпты. Алайда, жас әншінің шулы жазбасына қаһарланған тек Халық әртісі ғана болмай шықты.
Шахизада, әнші:
-Керемет жұлдыз болса, керемет халықтың көңілінен шығып, керемет қазақ өнеріне жақсы дүниелер қалдырып жатса, біздің қасымызда жүрмей ме, есімізде болмай ма?
Марат Омаров, әнші, композитор:
-Үлкен буыннан тәрбие алмаған деп ойлаймын. Мүмкін ұстазсыз ба. Ол мен жеттім, мен толдым, мен болдым деген адам ұзаққа шаппайды деп ойлаймын.
Алайда, Мархаба бұл тақырыпқа қатысты пікір білдіруден бас тартты. Тіпті, парақшасындағы постты да өшіріп үлгерген. Алдағы уақытта, жас әнші бұл жазбасының нақты кімдерге бағытталғанын айтып, мардымды жауабын берер деген ойдамыз.