Алғашқыда алты алашқа айтыскер ретінде танылған Төреғалидың, эстрадада жүргеніне 2 жылдан астам уақыт өтті. Алайда, әншілікке бет бұрған Төрештің, иығынан әлі күнге дейін шапаны түскен емес. Бұл хитменнің таңдауы ма? Әлде дизайнерлер шешімі ме?
Күні кеше «Ұлы дала баласының» 5 күнге жоспарланған концертінің біріншісі өтті. Бұл жоба Төреғалидың туған күніне орай ұйымдастырылған мерекелік шоу. Алғашқы кеште әншінің сахналық образдарына Аида Қауменова жауапты болып бекітілген.
Аида Қауменова, дизайнер:
-Хан болып шықса деп ойладым да, сөйтіп ең бірінші образы сондай болды. Екінші образ нағыз қазақша, бірақ қазақтың ұлттық нақыштарын заманауи сәнмен салыстырып, сондай әдемі шапан-пиджак жасадық. Оған кестелеп тастар тіктік.
Жан Мұқанов, продюсер:
-Екі жыл бұрын Төреш тек қана айтыскер болатын. Тек қана айтыста киетін киімдерінің бәрі оюлы, қазақи болатын. Қазіргі уақытта енді әртүрлі теріден де жасалған, әртүрлі маталардан жасалған. Көбіне сюртук киеді.
Иә, айтыстан эстрадаға бет бұрған өнер иесі әлі күнге дейін шапанын шешпей жүр. Тіпті, сері жігіттің сахналық образдары, талай мәрте сын садағына іліккен еді. Оның ішінде жақтағандары да бар, даттағандары да жоқ емес.
Гүлнұр Оразымбетова, әнші:
-Негізі адамның дене бітіміне байланысты киетін кастюмдері, әсіресе жігіттерге кәдімгідей ерекше мән беру керек. Аяғы қысқа немесе жоғары жағы үлкендеу деген сияқты.
Тамара Асар, әнші:
-Салтанатты көрінеді. Сондықтан, оның айыбы жоқ. Юбка киіп жатқан жоқ қой әйтеуір. Өзіне жарасымды, жігіттігін сақтап тұр. Ешқандай ерінін бояп, басына бантик тағып жатқан жоқ!
Төреғалидың 5 күндік концертіндегі сахналық образдарына Аида Кауменовамен қатар, Айнұр Тұрысбек, Камила Курбани және ЗардОзи сынды дизайнерлердің қолынан шыққан киімдер таңдалған. Ал, “Айхай25” деп аталатын шоудың соңғы күнінде, үздік деп танылған ерекше костюмдер топтастырылмақ.