Геннадий Головкин бітіспес бәсекелесі мексикалық СаульАльвареспен келер жылы реванш жасамақ. Сонымен қатар, Қанат Ислам WBA рейтингінің нөмірі бірінші үздік боксшысымен жұдырықтасуы бек мүмкін. Беткеұстар былғары қолғап шеберлеріміздің соңғы жаңалықтарына бір шолу.
Қанат Ислам 9-қыркүйекте Астанада WBO NABO және WBA Inter-Continental белбеулері үшін айқаста, жеңілмеген канадалық Брэндон Кукты нокаутқа түсірген болатын. Оның ендігі қарсыласы WBA рейтингінде өзінен бір саты жоғары, алғашқы орында тұрған Брайан Кастаньо болуы ықтимал.
WBA-дің «уақытша чемпионы» аргентиналық пен отандасымыз келер жылдың жазында Лас-Вегаста жұдырықтаспақ. Әзірге келіссөздер жүріп жатыр! Қанат әлі де ұтылмаған 28 жасар Кастаньоны құлатар болса, өз дивизионындағы чемпион Эрисланди Лара немесе Деметриус Андрадемен жекпе-жекке шығуына жол ашылады.
Жарты әлемдегі бокс жанкүйерлері талқылап жатқан тағы бір тақырып Головкин мен Альварес реваншы. Мексикалық боксшы осы жылы рингке шықпайды, уақытша демалыс алған. Головкиннің промоутері Том Леффлер «Канелоның» командасымен келіссөзді бастап кеткен.
Белгілі болғандай, Головкин мен Альварес 2018 жылдың мамыр айының басында рингте айқасуы мүмкін. Бұл қарымта жекпе-жекте орта салмақтың шын мықтысы әділ анықталарына ешкімнің күмәні жоқ. Мексика халқының «Синко де Майо» ұлттық мерекесі қарсаңына жоспарланған бұл кездесудің қайда өтетіні әзірге беймәлім.