Кезінде елімізде танымал болған Jay Sean -нан бұл күндері мүлде бейхабар қалдық. «Ревюньюс» тілшілері Қазақстанға келген әншіден, неліктен көзден таса болғандығы туралы біліп қайтты.Одан бөлек, өнерпаз жеке өмірінен де сыр шертіп, ағынан жарылған көрінеді.
Кезінде айтулы әндерімен танымал болған Джей Шон «L'Officiel» шарасының құрметті қонағы атанды. Әншіні бұл күндері қазақстандық тыңдарман ұмыта бастағаны жасырын емес. Алайда, музыкант өнерден алыс кетпедім дейді..
Jay Sean, әнші:
-Қызу жұмысқа байланысты соңғы 3 жыл үйде жиі болмаймын. Әлем бойынша тур өткізудемін, жаңа тректер дайындап жатырмын. Дәл қазір өзіме ұнайтын музыка жасаудамын. Шыны керек, бәріне ұнай беретін, жауыр болған әндерден шаршадым...
Білек сыбана жұмысқа кірістім деген әнші, күні кеше су жаңа бейнебаянының тұсауын кесіп үлгерген...
Jay Sean, әнші:
-Бұл афробитті романтикалық туынды болды. Менімен бірге Нигерияның тумасы Давидо жұмыс істеді. Дарынды өнерпаз дер едім. Көп күттірмей атақты болатынына сенімім мол. Сондықтан да, Давидомен бірге жұмыс істеуге келістім.
Джей Шон жұмысы ғана емес, отбасы туралы да айтып қалды.
Jay Sean, әнші:
-Әйелім екеуіміз әлі де біргеміз. Алайда, бірге түскен суреттерді әлеуметтік желіге сала бермеймін. Ол менің жеке өмірім. Ал, қызымның видеоларын кейде жариялап тұрамын, жанкүйерлеріме қатты ұнайды.
Музыкант 3 жасар Эйва есімді кішкентай сұлу қызына, Қазақстаннан қандай сыйлық ала барсам деп дағдарып жүргенін де жасырмады.
Jay Sean, әнші:
-Әдетте қызыма барған жерден сыйлық алып жүремін. Алайда, Қазақстаннан жылқыдан басқа не апарарымды да білмеймін...
Өнерпаз апарған тарту бүлдіршініне ұнайды деген үміттеміз. Ал, қазақстандық тыңдарманы әншіден жаңа туындылар күтетін болады.