Ерке де ерсілеу қылығымен елге елеулі болған «Айнура офишл» енді толықметрлі картина болмақ. Инстаграмға басыбайлы байланған арудың өмірі жайлы фильмнің түсірілім жұмыстары басталды. Комедияны таспалау аяқталысымен, Анара Батырхан мен Қуат Садықов шынайы өмірде де шаңырақ көтеруі мүмкін.
Олар скетчком барысында некелерін қидырып, отау тігу салтанатын да дүркіретіп атап өтті. Бұл сценарийдің шынайы өмірде де жалғасын табуы ғажап емес. Қуаттың өзі Анармен «махаббат отының» тұтанғанын мейлінше жасыруға тырысып бақты. Дегенмен, сезімін бүгіп қалу «ғашық ару» Анарға оңайға соқпағаны анық.
Анар Батырхан, актриса:
– Бұл сұраққа ұялтып жібердіңіз. Оны көрермендердің көбі біледі. Мүмкін сезім бар шығар арамызда.
Олар бүгінде «халыққа өтімді» комедия жасау жайын жиі ойлайды. Себебі, Қуат Садықов қаражаты мен уақытын сарп етіп, актерліктен бөлек продюсерліктің де жүгін мойнына артқан.
Қуат Садықов, актер, продюсер:
–Бүгінгі қоғамның инстаграм арқылы тегін көңіл көтеріп, киім мен тамақ алып үйреніп қалған, әлеуметтік желіде отырғаннан басқа қолдарынанан түк келмейтін қыздарының бет-бейнесін көрсетеміз.
Фильмнің желісі аккаунтынан бір-ақ күнде айырылған «Айнура оффишлдың» қайғысы айналасында өрбиді. 900 мыңға жуық оқырманы бар Анар Батырханның да ең үлкен қорқынышы осы.
Анар Батырхан, актриса:
– Сол адамдардың бәрі бір күнде жойылып кетуі мүмкін деген ойды елестетсем, менің ойымша бұл сондай үлкен бір соққы болатын сияқты. Мен үшін бұл трагедия бұл үлкен.
Бүгінде түсірілім жұмыстары қызу жүріп жатқан «Инстаграмщица» комедиясын, авторлары келер көктемде үлкен экранға шығармақ ниетте.