Берлинде «Бегущий по лезвию 2049» кинокартинасының ресми таныстырылымы өтті. Аталмыш фильмді тағатсыздана күтіп жүрген жандар жеткілікті екен. Бұл фантастикалық туынды несімен ерекшеленбек?
Санаулы күндерден соң атышулы «Бегущий по лезвию 2049» кинокартинасы көрерменге жол тартпақ. Райан Гослинг пен Хариссон Форд бастаған бір топ актер, ғылыми-фантастикалық туындыны Берлинде, арнайы баспасөз-турда таныстырды.
Райан Гослинг, актер:
-Бұрын-соңды ғылыми-фантастикалық картинаға түсіп көрмеген едім. Бұл фильм өзімді жаңа қырымнан байқап көруге жақсы мүмкіндік сыйлады. Өте қуаныштымын.
Еске салар болсақ, «Бегущий по лезвию» картинасы өзімен аттас, 1982 жылы түсірілген туындының жалғасы болып саналады. Сиквелдың бұл бөлімінде де, Хариссон Форд басты рөлді сомдамақ.
Харрисон Форд, актер:
-Сценарийді оқи сала, қуанышты күйде болғанымды жасырмаймын. Райанмен бір түсірілім алаңында бірге жұмыс істеу өте керемет. Барлығы ойдағыдай өтті.
Араға 35 жыл салып көрерменге жол тартқан фильмнің сюжет желісі де осынша уақыттан кейін өрбімек. Картинада бас кейіпкерлерден өзге Джаред Лето, Робин Райт пен Ана де Армас сынды актерлер төбе көрседі. Ал, қазақстандық киносүйерқауым ғылыми-фантастикалық туындыны 5-қазаннан бастап үлкен экрандардан тамашалай алады!