Мейрамбек Түркияда, Кенжебек ауылда! Ал, Сәкен романтикалық кештің кейіпкері. Майғазиев мырза фильмге түсіп жатыр екен деп ойлап қалмаңыз... Жиырма жыл бұрын шаңырақ көтерген сері жігіт, жұбайына осы махаббат жанрында тосын сый жасады. Серікқазы Аязбаев керемет кешке куә болған еді.
30 қабатты зәулім ғимаратта романтикалық кеш ұйымдастырған Сәкен, осы жоспарын алдын-ала құрғанымен, жұбайына күні кеше ғана естірткен. «Отбасылық одақтың» 20 жылдығын оңашада атап өткен ерлі-зайыптылар үшін, бұл сәт ностальгияға толы болды. Ал, жарасымды жанұялық жұптың таныстығы сонау 1994 жылы, колледж қабырғасында бастау алған!
Динара Асылханқызы, С. Майғазиевтің жұбайы: -Қайда отырсақта, маған көз алмай қарап отыратын. Таңертең сабаққа кетіп бара жатқанда бұлар енді 2-ші курс, жаңағы көпті көрген жігіттер. Біз автобуспен барамыз. Бұл кісілер таксимен барады. Сол кезде аялдаманың қасына келеді де жүріңіз, апарып тастайын сіздерді деп, дос қызымызбен колледжге апарып тастайтын. Соны күніге қайталайтын.
Сәкен Майғазиев, «Музарт» тобының әншісі: -Бұл кісі біраз қинады 1 айдай маған жауап бермей жүрді. Төрт аптаның көлемінде. Ойланайын, мен сізді көре салып, иә деуге қайдан деп. Содан төрт аптадан кейін беті бері қарап, менің қандай пиғылдағы адам екенімді көріп, келісімін берді.
Иә, сол сәттен бері жұбы жазылмаған жұбайлардың, бүгінде ұлы мен қос қызы бар. Алайда, отбасылық өмірдің алғашқы жылдары екеуі үшін оңайға соқпаған.
Сәкен Майғазиев, «Музарт» тобының әншісі: -Сөреде тіпті алатын нан жоқ кезде, қант жоқ кезде өмір сүрдік. Сол қиындықтардың барлығына төтеп бере алдық. Кейбір кезде мәссаған деп таң қалып. Қияр мен помидорды жеудің өзі бақыт кездері болды. Сондай қиын қыстау заман кезінде бірге болдық.
Бұл мерейтойымыздың басы ғана дейді Сәкен! Оның жұбайына деген тартуы мұнымен шектелмейді. Үлгілі жұп жақын күндері Еуропаға жол тартуды жоспарлап отыр.