Сенсациялы реформалар! «Қайрат» командасы Еуропа лигасы аясында жеңіліс тапқан соң, клуб басшылығы бас бапкерді жұмыстан қуған еді. Енді, футбол ұжымынан «тек қалтасының қамын ойлайтын» аяқдопшылар да аластатылмақ. Ал, «Қайраттың» жаңа бапкері кім?
"Қайрат" футбол ұжымының бақылау кеңесінің жетекшісі Қайрат Боранбаев, клуб жүйесі мен даму стратегиясын күрт өзгертпек. Оның пайымынша, команданы "жеңіліс вирусы" жайлаған. «Қайрат» аяқдопшыларының Еуропа лигасы екінші іріктеу кезеңінде, албаниялық "Скендербеуден" жеңілуі жанкүйерлерінің де "нашар" деген бағасын алды.
Елдегі маңдай алды футбол инфраструктурасына иелік ететін «Қайраттың», даму қарқыны өте сылбыр дейді мамандар. Клуб күні кеше, өз алаңында «Атыраумен» тең түсіп, ішкі чемпионаттағы бас қарсыласы «Астанадан» енді 7 ұпайға қалып келеді. "Қайрат" соңғы рет, тек 2004 жылы Қазақстан чемпионы атанған! Тарихы бай халық командасы, әлі талай ойыншысымен қоштасатын сыңайлы.
2016 жылдың сәуірінен клуб тізгінін ұстаған Кахабер Цхадазені жұмыстан кетірген Боранбаев, команданы «қалтасының қамын» күйттеген «жалған футболшылардан» тазартуға сөз берді. Олардың орнын жеңіске құштар, Қазақстан үшін, қала және клуб үшін ойнайтын талантты жастар баспақ. «Қайратқа» ендігі бас бапкер болып, 17 жасқа дейінгі Қазақстан жасөспірімдер құрамасын баптаған, испаниялық маман Карлос Феррер келуі мүмкін.