Әдетте жанұясын жанынан тастамайтын Дэвид Бэкхам, бұл жолы жақындарынан жыраққа кетті. Мұнда зер салсаңыздар, мотоцикл тізгіндеген әйгілі футболшының демалыс рахатын шын сезініп жүргенін аңғарасыз. Алайда, ол жалғыз емес.
Мотошабандоздың кейпінде, АҚШ-та серуендеп жүрген жұлдыздың жанында жолдасы Дерек Уайт бар. Бастары қосылған екі дос бұл демалысты есте қаларлықтай өткізудің түрлі қамын жасаған. Мәселен, ашық аспан астында көлге түсіп, таза ауада экстремалды демалысты бастан кешіруде...
Сондай-ақ, продюсер Тастембеков те қолы қалт етсе жақын достарымен бас қосып, ер азаматтарша азды-кем әңгіме-дүкен құратындарын айтады. Алайда, елуді еңсерген Эрик, даладағы серуеннен гөрі, көбіне кофе ішіп сырласқанды ұнатады екен.
Эрик Тастембеков, продюсер: -Мен экстремалды демалысты ұнайтпаймын. Керісінше, жақын жолдастарыммен бас қоса қалсақ бір-бірімізді кофейняға шақыратынымыз бар. Ол жерде өткен-кеткенді айтып, ерекше әсерді бастан кешеміз.
Эрик кофе ішіп көңілін орнықтыруды қош көрсе, продюсердің жобасы Серік Гамза-Заде достарымен саунада сайран салуға құштарлығын жасырмады.
Серік Гамза-Заде, әнші: -Саунада жалпы суға түскеннен гөрі, көбінесе әңгіме болады. Бір столда отырып алып әңгімені жібереміз. Парға кіреміз, парда айқай-шу! Одан кейін өнердегі жүрген достарыммен барғанда міндетті түрде парға кіріп ән айтқанды жақсы көреміз. Өйткені, пардың акустикасы жаңғырып шығады.
Ал, Серіктің аттасы Ибрагимов табиғат аясында таза ауамен тыныстауға жетері жоқ деп отыр. Достарымен демалыста табыса қалса, әнші қазан ұстаған бағалы бас аспаздың рөлінен де қашпайды екен.
Серік Ибрагимов, әнші: -Таудың етегіне, таза ауаға шығып, кәуап, шашлык жасап, қуырдақ жасап, таза ауаны дұрыстап кеудемізге толтырып алып, неше түрлі сол жерде ойын ұйымдастырып. Осындай бір демалысқа ештеңе жетпейді деп ойлаймын.