Америкалық Билборд басылымы әдеттегі дәстүрімен, жылдың ең табысты музыканттары тізімін жариялады. Журналдың пайымдауынша, 2016 жылдың ең дәулеті асқан әншісі атағына Бейонсе лайықты деп танылған. Өнерпаз өзінің «Лемонад» альбомы мен әлемдік турлары арқылы небәрі бір жылда, 62 миллион долларды қалтасына басқан.
Тізімнің екінші орнына Guns N’ Roses хард-рок-тобы жайғасқан. Ұжым мүшелері барлығы 42,3 миллион долларға жуық қаржы жинапты. Ал, бұл жігіттерден тек 100 мың долларға кем табыс тапқан Брюс Спрингстин үшінші. Бұдан өзге, ақшалы өнер иелерінің ондығына рэп орындаушы Дрейк, британиялық әнші Адель, Канье Уэст пен Джастин Бибер кірген.