Иглздың енді кинотеатрға ағылатын күні қыр астында! «Найнти уандық» мемберлердің өмірі бүкпесіз баяндалатын фильм, 24-ші тамыз күні үлкен экранға жол тартады! Түсірілім алаңынан жеткен эксклюзивті кадрларды назарларыңызға ұсынып, трейлерімен тұңғыш біз таныстырмақпыз!
– Өмірде екі адам болады! Біреуі орнынан қозғалғысы келмейді. Дәл сол қалпында қалғанды қалайды. Ал, екіншісі – алға ұмтылады!
Барша иглз «Найнти уанның» топ ретінде құрылғаннан бергі тарихын түгел біледі! Мемберлерге қатысты ақпараттың барлығы да олар үшін таңсық емес! Сондықтан, фильм режиссері Асқар Ұзабаев олардың ішкі әлемін бүкпесіз көрсетуді ұйғарған.
Асқар Ұзабаев, режиссер, кинопродюсер: – Түсірілім жұмыстары көшеде жүргізілген кезде халық топырлап жиналып қалатын. Тіпті, хейтерлердің шабуылына да тап болдық. Жігіттерді тым қатты жақсы көрушілер мен аса жек көретіндердің де куәсі болдым. Локация таңдағанда да кейбір нысандар «Найнти уан» дегенді естіп, бізді қабылдаудан бас тартты.
Сценарий жазушылар кю-поперлермен сағаттап сөйлесіп, олардың табиғатын қағазға бұлжытпай түсіріп, фильмге арқау етті.
Мемберлердің өзара тіл табыса алмай қырқысқан сәттері, шығармашылық жолдарын таба алмай құлазыған кезеңдері бүкпесіз көрсетіледі.
Ерболат Беделхан, продюсер: -90 пайыз бұл шынайы болған оқиғалардан құрылған. Сондықтан да, әрине көркем фильм болғананан кейін кейбір заттарды ақырынырақ көрсетіп, кейбір заттарды керісінше... Негізінде бұл болған оқиға.
Топ продюсері Ерболат Беделхан мемберлердің актерлік шеберлігі ақсап, бұл фильмнің сапасына кері әсерін тигізе ме деп жүрексініпті. Сондықтан, жігіттер айлар бой әртістік өнерге машықтанған.
Ерболат Беделхан – продюсер: -Басыңнан өткен оқиғаны жәйдан-жәй эмоциясыз көре алмайсың! Бұл ауыр тиді бәрімізге.
Фильм прокатқа шыққан соң, «91» жайлы кереғар пікірлердің саябырсуынан авторлар да зор үмітті. Сондықтан, бұл картина тек иглзға ғана емес, бүкіл киносүйер қауымға арналған дейді. Оның үстіне, күні ертең-ақ туынды кинофестивальдерге жол тартпақ.
Асқар Ұзабаев, режиссер, кинопродюсер: – Кореядағы «Пусан» фестиваліне жіберсек деген ой бар! Себебі, біздің фильміміздің тақырыбы оларға қызықты болары анық. Негізі, қай кинобәйгенің іріктеуінен өтсек сол жаққа жіберіп отырамыз.
Туынды, 24-ші тамыздан бастап еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетілетін болады.