Мейвезер мен МакГрегордың да әр қадамы аңдулы ғой. Олар өз жанкүйерлері алдында алғаш рет көз түйістірді. Спорттан мүлдем бейхабар болсаңыз да, бұл есімдерді естігеніңіз ақиқат. Қос сабаздың жекпе-жекке дейінгі ресми баспасөз-мәслихаты да шоуға ұласты. Серік Ноянбайұлы баяндасын.
Тойдың боларынан, боладысы қызық... АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында алғаш бетпе-бет жүздесіп, баспасөз-мәслихатын шиеленісті шоуға айналдырған Мейвезер мен МакГрегор мұны жақсы ұғынады. Жекпе-жектеріне деген жаһан жұртының қызығушылығын ояту үшін олар барын салды.
Қос қарсыластың бірінші көз арбасу сәті де тыныш өтпеді. Кәнігі Мейвезер мен ширақ МакГрегор ел көзінше бір-біріне деген «ыстық ықыластарын» аямай білдірді. Бұған жанкүйерлер разы.
Флойд Мейвезер, кәсіпқой боксшы: - Йә, мен қартайдым. Өткен 20 жыл, 10 жыл, 5 жылғыдай емеспін. Тіпті 2 жыл бұрынғы қайратым да жоқ. Алайда, бар қарсыласымды жеңгендей, сені де ұтуға қауқарым анық жетеді. Айналаңа қара, бәрінде Мейвезер деген жазу. Демек, басымдық менің жағымда. Рингке аяқ-асты тап болған мына сайқымазаққа бокс дәрісін жақсылап ұқтырмақпын!
Қызуқанды ирландиялық МакГрегор де бұл сөз додасында есесін жібермеуге тырысты.
Конор МакГрегор, аралас жекпе-жек шебері: - Сенің мансабыңдағы нөл жоғалады. Уақытың бітті. Мен сені төрт раундта нокаутқа түсіремін... Айтқанымды ұмытпаңыздар. Оның аяқтары кішкентай, денесі кішкентай, басы да сондай. Мен одан қорықпаймын. Егер ережесіз жекпе-жек болса, ол маған бір раунд та шыдамас еді.
Бұл төрткүндік пресс-турдың басы ғана. Енді олар Торонто қаласында, одан кейін Нью-Йорк пен Лондонда тағы жүздеспек. Кәсіпқой бокс жұлдызы мен «UFC» чемпионының айқасы, 26 тамызда Лас-Вегастағы 20 мың көрермендік Т-Mobile Arena-да өтеді. Ең арзан билет құны 650 мың, VIP орындар 30 млн теңгені құрап отыр.