EXPO аясындағы сансыз мәдени шаралар біраз жұлдызды демалыстан қаққаны анық! Әйтпесе, шоу бизнестегі бомонд жол дорбасын арқалап, баяғыда-ақ жағажайға тартып кететін еді. Дегенмен, мұхит асуға уақыт тапқандары да, отандық туризмді дамытып жатқандары да табылды.
Жақында ғана достарымен Мальдив аралдарынан оралған Артур Төлепов бүгінде Kалифорнияда жүр! Ол Лос – Анджелесте түсірілім жұмыстарына қатысқан соң, текке келмей Санта Мониканың жағажайында күнге қыздырынып қайтуды да жөн санаған.
Ағайынды Төлеповтердің кішісі Асылханның шетел асуға әзірге уақыты жоқ! Депутаттық мандат иесі – Қапшағайдың шағыл құмын місе тұтқан.
Ол жалғыз емес... Достары Аян Өтепберген мен Гүлназ Жолановалар да жанында жүр! Бір қызығы соңғы кездерде актер мен актриса демалыс аймақтарына бірге аттануды әдетке айналдырған. Бұған дейін олар жолсерік болып Тайландқа да барып келгенді.
Әйгерім Қалаубаеваны іздесеңіз Түркияның Белек аймағынан табасыз! Әнші ару отбасылық демалыс үшін таптырмас мекен – Жерорта теңізінің жағалауы деп біледі.