Иван Дычко да кәсіпқой бокс әлеміне өз билетін алды. Ол АҚШ-тың абыройлы промоутерлік компаниясымен келісімшарт жасасты. Ауыр салмақ өкілдерінің ұстаханасы атанған бұл ұжым боксшымыздың бағын аша ала ма?!
Иван Дычко келісім-шарт жасаған америкалық The Heavyweight Factory промоушені 2007 жылдан жұмыс істейді. Жанама түрде «Ауыр салмақтардың фабрикасы» деп аталатын компания Флорида штатында орналасқан. The Heavyweight Factory-дің ресми сайтында Иван Дычко туралы әзірге ақпарат жоқ.
Аталмыш промоушеннің ең атақты былғары қолғап шебері 45-жасар америкалық Шэннон Бриггс. Ол Леннокс Льюис, Виталий Кличко, Джордж Форман сияқты жұлдыздармен жұдырықтасып аты шыққан. Соған қарағанда, Иван Дычко бұл компанияның бүгінгі қол жеткізген ең абыройлы жобасы.
The Heavyweight Factory мен Иван Дычко әріптестігі, қазіргі аса бәсекелі кәсіпқой бокс әлемінде қаншалықты табысты болары келешектің еншісінде. Америкалық спорт журналистері Дычко үшін бұл промоутерлік табысты бола қоймас деп болжауда. Себебі, аталмыш компания өз боксшыларын тек қыздырынатын жекпе-жектерге ұсынатын көрінеді. Дегенмен, осы қадамы Дычконың кәсіпқой рингтегі ертеңгі жетістігінің жолашары болуы бек мүмкін.
Азия чемпионы, үш әлем біріншілігінің қос күмісі мен қоласының иегері, Лондон және Рио олимпиадасының қола жүлдегері. Бұл Иванның әуесқой рингтегі атақ-даңқы. Мұндай тізіммен мақтана алар боксшы кем де кем. Дычконың да ертең, бұрынғы қарсыласы Энтони Джошуа секілді жұлдызы жанарына сенім мол.