Криштиану Роналду да Қыдырәлі Болмановтан қалысар емес! Аяқ доп шебері таяуда төртінші баланың әкесі атанады. Бұл жолғы перзентті әдеттегідей суррогат ана емес, сүйіктісі Джорджина Родригес сыйламақ.
Ол актриса да, әнші де, супер модель де емес! Джорджина Родригес Gucci -дің дүкендер желісінде сатушы болғанды. Дегенмен, ол тек Роналдудың ғана емес, анасының да, ұлы – кіші Криштианудың да тілін тапты.
Оның аяғының ауыр екені футболшы инстаграмға жүктеген посттан, папараций таспалаған суреттерден анық білінген-ді. Енді, индсайдерлер ақпаратты растады. Сәби – қазан аяында дүниеге келеді екен. Футболшыға таяуда ғана суррогат ана егіз ұл сыйлағаны тағы бар.
Екі қыздың анасы Блейк Лайвли болса, перзенттерінің қауіпсіздігіне алаңдаулы. Сондықтан да, жаһандағы әкелер мен шешелерді кез-келген қатерге дайын болуғы шақырды. Өзі балаларды жасанды тыныстандыру курсында машықтанып жүр.
Алан Бадоев таспалаған «Вдох» әнінің бейнебаянын таныстырған Елена Темникова табынушыларын екіұдай пікірде қалдырды. Бір бөлігі ғажап туынды десе, екінші тарап не көргендерін түсінбей дал болғанын алға тартады. Әншінің өзі әу бастан-ақ, тыңдармандарының түрлі пікірін туғызатын дүние жасамақ болған екен. Мақсаты орындалған сынды!
Ал, Дрейктің жанындағы сылқым кім? Сүйіктісін жолықтырған ба? Қызыл кілем салтанатына спорт бағдарламасының репортеры Розалин Голд-Онвудпен бірге келген рэперге осы сауалдар қарша борады. Бірақ, серінің өзі миллиондардың бұл сұрақтарын әзірге жауапсыз қалдырды. Бір бүккен құпиясы бар-ау..!