Нұртас Адамбаев өз рекордын жаңартып 14 күннің ішінде толық метрлі комедия таспалап шықты! Дегенмен, көз іліспес жылдамдықпен жасалған дүние шала шыға ма деп қауіптенеді. Бірақ, «Келинка Сабинадан» кем касса жинамайтынына да сенімді.
Нұртас Адамбаев, режиссер, продюсер: – Бұл романтикалық комедияда қарапайым, бірақ ең басты құндылықтарды көрсететін боламыз. Қазақстандағы әрбір отбасыға тән әзіл-қалжыңды, қарым-қатынасты көтеруге тырыстық.
Жанұя, романтика, жеңіл әзілмен әспеттелген түрлі тағдырлар тоғысы! Отандық режиссерлардың талайына табыс әкелген, жалпы нобайы қалыптасып үлгерген үйреншікті жанр! Нұртас Адамбаевтың «Жених на 5 дней» комедиясы кезекті коммерциялық жоба!
Санжар Мәдиев, Гүлнара Сильбаева, Жанна Орынбасарова, Жан Байжанбаев, Қайрат Әділгерей сынды жұлдызды актерлық құрам да, комедияның көрерменін көбейтетін фактор.
Қайрат Әділгерей, актер: – Күшік күйеу! Жағымпазданады. Солардың арқасында өмір сүріп жатқан деген сияқты.
Адамбаев өзінің картиналарына Санжарды шақыруға бұрыннан құмартып жүрген. Енді ғана сәті түсті.
Санжар Мәдиев, актер: – Идея ұнағандықтан Нұртастың комедиясына түсуге келісім бердім. Екеуміздің ұзақ жылдық достығымызды ескеріп, еңбекақымды азырақ алуға келістім. Негізі, режиссерлар мені комедияға көп шақыра бермейді. Мен керісінше өзімді барлық жанрда сынап көруге құштармын.
Алғашында басты рөлге Айсұлу Әзімбаева, Бибігүл Сүйіншалина, Гүлназ Жоланова және Гүлнара Сильбаевалар үмітті болған. Ұзақ толғаныстан соң, Нұртас «квн-ші арудың импровизацияға мықтылығын ескердім», -дейді.
Гүлнәр Сильбаева, актриса: – Басты рөлдің бұйыратын уақытын ұзақ күткем. Өйткені, тек екінші пландағы актриса болып келдім. Мұндағы кейіпкердің маған ұқсастығы көп. Өзі нәзік болса да, қарсы келгенді аямайтын жан.
«Жених на 5 дней» фильмі күздің басында үлкен экранға жол тартады.