Q-pop жанрындағы жаңа жобалар жаңбырдан кейінгі қаулаған саңырауқұлақтай күн санап өсіп келеді. Осы бағытта ән салатын ұжымдардың қатарын енді «НьюТон» тобы толықтырып отыр. Бұл тез танылудың төте жолы ма? Әлде, жас өрендер расымен қазақ поп-музыкасының қамын жей ме?
Бес жігіттен тұратын «НьюТон» тобы Q-pop-тың жаңа өкілдері. Аталған жанрда ән салуға ниетті жастардың алғашқы легі «Ninety one» бастау алған-ды!
Ерболат Беделхан «91» тобын құрмас бұрын, корейлік музыка индустриясының жүйесін отандық шоу-бизнеске енгізіп, Q-pop субмәдениетін қалыптастырды. Ол елге оралған бойда 50-ге жуық бозбалаға қатал іріктеу жасаған. Екі жыл бойғы сан сынақтан сүрінбеген осы 5 өнерпаз бүгінде атышулы бойзбенд атанып отыр.
Ерболат Беделхан, продюсер: -Ең мықтысы, ең шыдамдысы, және адами фактілер бар. Топта тіл табысу мәселесі. Осының бәрі дәріс ала келе шыққан балалар осы жерде...
Кью-поп бағытын насихаттауда Беделхандардың кенжесі де белсенді. Есболат, корейлік музыканың жүйесін жақсы меңгерген. Өзіне сенімді өнер иесі, «Блэк Дайл» тобын құрарда ағасының ақыл-кеңесіне еш сүйенбеген.
Есболат Беделхан, продюсер: -Берері зор! Бірақ, мен ақылдасқан жоқпын! Өзімде кішкентай, 17-16 жастан бастап сахнада жүрген баламын ғой. Өзімнің көргенім бар. Көргенім көп деуге болады. Сахна туралы. Өз күшіммен...
Ал, Зирузаның продюсері бұл бағыттан бейхабар болса да, әнші қыздың кезінде Ерболат Беделханнан алған білімі бар. Тіпті, 91 тобымен тәжірибе алмасып, бір ұжымда өнер керсетіпті.
Ziruza, жас әнші: -Жақсы қарым-қатынасымыз! Олар маған ағам ретінде, олардың кейбіреулері 20-дан асқан ғой енді. Үлкен дегендей. Сондықтан, біз бір-бірімізді 2 жылдай білеміз. Жақсы араласымыз деуге болады.
Q-pop бағытында еңбектенетін продюсерлердің өз жобаларына қояр талаптары таудай! Келісімшарт бойынша, қол астындағы қыз-жігіттер мерзімінен бұрын отбасын құрып, өз еркінше БАҚ өкілдерімен сұхбаттаса алмайды! Сондай-ақ, жанкүйерлерімен жиі жүздесіп, сeлфи жасауға да рұқсат жоқ.