«ЕХРО-2017» көрмесіне спорт саңлақтары да қызу әзірлік жүргізіп жатыр

Сообщить о проблеме с эфиром

Еліміз үшін елеулі шара саналатын «ЕХРО-2017» көрмесіне спорт саңлақтары да қызу әзірлік жүргізіп жатыр. Себебі, қыркүйектің басында чемпиондар айқасы өтеді. Осы мақсатта, кәсіпқой бокстағы 6 жекпе-жегін ұтқан Айдар Шәрібаев, енді Майамиге аттанып, шеберлігін шыңдап қайта оралмақ.

2014 жылы ресми түрде кәсібқой бокстағы мансабын бастаған Айдар, 6 жекпе-жектің барлығында қасыластарынан басым түсіп, оның 5-еуін техникалық нокаутпен аяқтаған. Шаршы алаңға соңғы рет сәуір айында шыққан Шәрібаевтің, АҚШ-тағы екі кездесуі рейтингін жоғарылатып, оған чемпиондық белбеуге үміткер атану мүмкіндігін сыйлаған.

Айдар Шәрібаев, кәсіпқой боксшы: –Келесі жекпе-жектегі қарсыласым, араға аз уақыт салып, 2-3 аптаның арасында белгілі болады. Себебі келесі жекпе-жегімнің жауапкершілігі өте жоғары. Ол “WBA intercontinental” деген белбеуге талассақ деген мақсатымыз бар.

Бүгін БАҚ өкілдерінің басын қосқан былғары қолғап шебері, алдағы жекпе-жегі жайлы жоспарларымен бөлісті. Айдар, Астанада өтіп жатқан ЕХРО-2017 көрмесінде 7-ші кездесуін, 30-шы тамыз күні немесе 9-шы қыркүйекте өткізуге ниетті.

Виктор Демьяненко, Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының вице-президенті: –Айдар әуесқой бокста да жақсы өнер көрсеткен болатын. Сол кездегі тәжірибесі қазіргі таңда өз көмегін беріп жүр. 6 жекпе-жегінде де жеңіске жеткен Шәрібаев шаршы алаңда өзін 10-12 раунд бойы емін-еркін сезінеді. Ең бастысы жеңіске деген құштарлығы саябырсып қалмаса болғаны...

Әр күнін жаттығуға арнаған Айдар, жақын күндері Америкаға аттанбақ. Майамиде шеберлігін шыңдауға ниетті жерлесіміздің спарринг-серіктестерінің қатарында олимпиаданың қос чемпионы бар.

Айдар Шәрібаев, кәсіпқой боксшы: –Майамиде, бокс залында маған көмектесетін боксшылар өте азулы. Себебі оларды Америка жұртшылығы, бокс сүйер жақсы біледі. Юриоркус Гамоа деген олимпиада чемпионы бар, Люк Кэпмбелл деген Лондон олимпиадасының чемпионы бар.