Cоңғы тенденциядан қалыспаймын деген азаматтар шілтерлі шолақ шалбар мен көйлек киюге құлықты. Көзге оғаш көрінетін бұл трендті жаһандық танымал брендтер де қолдап, топтама шығарып жатыр. Неге ерлер сәні нәзік жандыларға ұқсап барады?
Қызғылт, ашық жасыл, аспан түстес көк шілтір матадан тігілген шолақ шалбар мен жейдені Hologram City бренді ұсынғанды. Ерлердің үстінен дәл осындай лукты көрген сәнқойлардың абдырағаны анық. Тың тенденцияны қабылдай алмағандар біраз дау шығарды. Дегенмен, нәзік жандыларға тән реңк пен үлгіде топтама жасаған жаһандық брендтер жетерлік. Неге фэшн өндірісте серілер нәзік жандылардың киіміне құмартып кетті?
Ян Рей, фэшн фотограф: -Ер азаматтардың гардеробы классикалық үлгідегі жейде мен костюм-шалбардан ғана тұрмайды. Ойын, қоғамдағы орнын стилі арқылы жеткізгісі келетін жігіттердің талғамы да ескерілуі қажет. Мәселен, мен тек шетелдік брендерді ғана киюге мәжбүрмін. Отандық сәнгерлер бірегей дүниелерді ұсынуға қорқақтайды. Себебі, біздің ерлер оны қабылдамайды деп біледі.
Өзгерген тек мen's style ғана емес! Бикештер де костюм шалбардың үлгісінде тігілген луктарды жиі киетін болды.
Сәкен Жақсыбаев, сәнгер: -Әлемде төңкеріс, қақтығыс, дағдарыс көптеп орын алып жатқан тұста арулар өздерінің әлсіз екенін көрсеткісі келмейді. Стилі, образы арқылы ермінезді екенін дәлелдегі келетін шығар. Оның үстіне, сән кезең сайын қайталанып отырады. Себебі, бұл салада жаңадан ойлап шығаратын дүние қалмады. Сондықтан, 60-шы, 80- ші жылдардағы үлгілерлер қайта оралуда.
Сәкен Жақсыбаевтың пікірінше, сылқымдардың мen's style-дан жалығатын кезі де келеді. Нәзік жандыларды елең еткізер дүние ойлап табу қажет дейді дизайнер.
Лидо, әнші: -Соңғы тенденцияларды мүлт жібермеуге тырысамын. Жаңашылдыққа жаным құмар. Дегенмен, мен бұл стилді қабылдай алмадым. Нәзік болмысымды айқындап тұратын дүниелерге құмармын.
Бәсекелестік басым нарықта сәнгерлер талғампаз тұтунушыны таңқалдырудың жолын іздеп әлек. Санаға сыйымсыз луктарды ұсынуына да осы жәйт себеп.