Даниямен өткен кездесуде Қазақстан құрамасы өз жанкүйлеріне қуаныш сыйлай алмағанымен, жұлдыздар арасындағы әлем чемпионатында отандық әртістер ел абыройын асқақтатып, ақтық сынға жолдама алды. «Алатау» футбол командасы финалда англиялық әріптестерімен чемпиондық атаққа таласатын болады...
Иә, биыл Мәскеуде өтіп жатқан әлем чемпионатына жаһан жұлдыздарынан жасақталған 16 команда бақ сынаған. «Алатаулық» әртістер өз тобында Аргентина, Түркия, Румыния құрамаларынан айласын асырса, жартылай финалда Сербиялық футболшылардан басым түсті. Осылайша, сайдың тасындай іріктелген әуесқой аяқ доп шеберлерінің ішінде «үздік» деп танылған Ұлыбритания ұландары мен Қазақстан құрамасы ақтық сында жолықты.
Финалдық кездесудегі алғашқы таймда біздің ойыншыларға сәттілік серік болмады. Отандық жұлдыздардан айласын асырғысы келген Англия құрамасы «Алатаудың» қақпасына бірінші голды соғып, басым екендерін байқатты. Алайда, биылғы жылы көшбасшылар тізіміне енген жұлдызды аяқ допшыларымыз оңай шағылар жаңғақ емес еді! Кездесу соңында жерлестеріміз қатарынан қос голды соғып, әншілер арасында тұңғыш рет әлем чемпионы атанды...
Нұржан Керменбаев, «Алатау» ФК ойыншысы, әнші: «Қазақ жігіттері елдің төресі, қазақ елінің мақтаныштары. Аллаға шүкір, біз осы күнге жеттік. Қазақ елі чемпион. Тарихи жағдай! Сондықтан, біз өте қуаныштымыз! Қуаныш ортақ! Құтты болсын.» Әртістер арасындағы «Арт футбол» додасында биыл 4 мәрте ойын өткізген Қазақстан құрамасы, турнир аясында англиялық әріптестерімен кездесеген.
Аян Бірбаев - «Rin'Go» тобының әншісі: «Ұлыбритания командасы жайлы айтатын болсақ, өте мықты команда! Біз 5 ойын өткіздік, соның 4-еуінде әрқашанда бірінші болып гол соғатынбыз. Осы финалдық ойында олар бірінші болып соқты. 62-ші минутқа дейін жеңіп тұрған болатын. Бірақ, соңында 64-те бір соқтық, 69-да бір соқтық! Сонымен, жеңіске жеттік!»