Голливудттық кинокартиналар үздіксіз түсіріліп жатса, елдегі киногерлер керісінше, қысқа метражды туындыларға ден қойғандай. Өзін режиссер ретінде бірінші мәрте сынаған Жаннар Шураева, «Ақырғы теңізге» атты киноөнімін ел назарына ұсынды. Фильм 38 минуттық болса да, ғасыр апатына айналған Арал теңізінің ауқымды мәселесін көтерген.
Әжесі, немересі және қаладан келген қонақ қыз. Небәрі үш кейіпкерден құралған «Ақырғы теңіз» фильмінің сюжеті қарапайым көрінгенімен, әрбір адамды тебіреніс пен толғанысқа, терең ойға жетелейді. Картина авторының көздегені де осы.
Жаннар Шураева, режиссер: - Фильмде Арал теңізі тақырыбы ғана қамтылмаған. Экологиялық мәселені көтере отырып, адамдардың қазіргі заманнан қаншалықты шаршағанын көрсеткім келді. Құрғап кеткен теңіздей күйге түскен адамның өзін-өзі табуы дер едім.
Арал теңізінің алапат апатына арналған фильмнің түсірілім жұмыстары небәрі 7 күнге созылған. Ең қызығы, туындының сценарий авторы, әрі режиссері Жаннар Шураева бұған дейін Арал өңірінде ешқашан болып көрмеген. Қысқа метражды болса да, айтары мол сапалы киноөнімді дүниеге әкелу үшін түсірлім тобы далада түнеп, ауыз сусыз қалған күндері де болыпты.
Салтанат Науруз, актриса: - Aралда 10 шақты күн болдық. Бірақ түсірілім жұмыстары Арал қаласынан 250 шақырым қашықтықта, Барсакелмеске жақын жерде жүргізілді. Қолайсыз жағдайда өмір сүрдік.
Елімізде мұндай форматтағы картиналар саны едәуір артқан. Кинотанушы Гүлнәр Әбікееваның айтуынша, жыл сайын отандық киноқоржынға 200-ден астам қысқа метражды фильм қосылады екен. Алайда, тек соның 20-ға жуығы үлкен фестивальдерге ұсынылуға лайықты.
Гүлнәр Әбікеева, киносыншы: - Қазақстанда қысқа метражды фильмді түсірушілер саны бұрынғыға қарағанда әдәуір көбейген. Нәтижесі де жаман емес. Әрине арасында нашарлары да бар. Бірақ, беталыстары дұрыс.
Жойылып бара жатқан Арал теңізі Қазақстанға ғана емес, бүкіл әлемге қатер төндіруде. Жаһандық мәселені шешуге шақырған «Ақырғы теңіз» фильмі арқылы, өзгелердің де назары осы өзекті тақырыпқа ауады деп сенеміз.