6 маусым күні жападан жалғыз Астанадан Алматыға ұзақ сапарға аттанған Дамир, өз қылығымен дүйім жұртты таңқалдырған еді. Зағип жан, велосипедпен ұзақ қашықтықты еңсеріп, қиындықтарға қарамастан оңтүстік астанаға аман-есен жетті. Оның сөзінше, ықылас пен жігер болса бағындырар биігің көп!
Бұл велосипед соңғы бес күн бойы Дамир Каримовтың сенімді серігі. Қарағандылық азамат шайтанарбасымен Астанадан Алматыға дейін 700 шақырым жол жүйіткіген. Жапан далада жалғыз өткізген түндер, тынымсыз қозғалыспен өрілген күндер, тамақсыз-сусыз қаламын деген қорқыныш – енді барлығы артта қалды...
Дамир Каримов, саяхатшы: «Аса үлкен қиындықтар болмады. Тек соңғы 200 шақырым қалғанда өте қатты шаршап, жолдың нашар болуына байланысты жолшыбай көлік тоқтатып, көлікпен келуіме тура келді. Жалпы 700 шақырымды 4 күнде жүріп өттім.»
Дамир Каримовтың көзі туылғаннан тек 8 пайыз ғана көреді. Алайда, өз кемістігін кемшілікке баламаған ол, ештеңеге қарамай белсенді өмір кешуде. Зағиптығы ұзақ жолды бағындыруға да кедергі болмаған.
Дамир Каримов, саяхатшы: «Мен өзгелер үшін жарық көзі болғым келеді. Егер адамдар менен үлгі алып, өзгелерге шабыт сыйласам, демек текке өмір сүріп жатқан жоқпын деген сөз.» Бала кезінен өзге бүлдіршіндермен тең дәрежеде өмір сүріп, оқуын жақсы көрсеткішпен аяқтаған Дамир диплом бойынша психолог маманы. Одан өзге эколог, дәріс оқушы, саяхатшы. Аздап фортепианода ойнап, астрономиямен әуестенетіні тағы бар.
Дамир Каримов, саяхатшы: «Болашақта мен обсерватория мен планетарий ашқым келеді. Себебі, менің білуімше, тек Алматы қаласында ғана қолжетімді, баруға болатын обсерватория бар. Бұл менің үлкен арманым.»
Тағдырдың тәлкегіне ұшырағанымен, қиындыққа мойымай, өмірге деген құштарлығымен ерекшеленетін Дамир көпке өнеге. Бұл саяхатының да басты мақсаты талай жанға жігер сыйлау.